- Спорт

Сенің жаңа қырың қандай?

Алдағы 4 маусымнан бастап елімізде «Сенің жаңа қырың» атты Challenge бұқаралық спорт бастамасы жұмысын бастайды. Салауатты өмір салтын насихаттайтын бастаманы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолға алып отыр. Халықтың бұқаралық спортқа деген ынтасын ояту мақсатында ұйымдастырылатын бастама 21 күнге созылады.

«Сенің жаңа қырың» акциясынан Сыр өңірінің халқы да шет қалмақ емес. Акция аясында аймақта кроссфит спорт түрінен жарыс ұйымдастыру қолға алынды. Жарыс 23-24 маусым күндері «Тарлан» спорт кешенінде өткізіледі деп жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін әр бағыттағы спорт шеберлерімен жаттығулар жасалып, бастаманың ережесі таныстырылған.

Сонымен қатар аймақта акцияға қолдау білдіру мақсатында бұған дейін таңғы жаттығу гимнастикасы және веложарыс ұйымдастырылған болатын. Акция барысында спортшылар, қала тұрғындары және мемлекеттік қызметкерлер өздерін жаңа қырларынан таныта білді.

Айта кету керек, акцияның шарттары бірнеше қадамдардан тұрады. Біріншіден, Challenge «Сенің жаңа қырың» жобасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына (Instagram, Facebook, ВКонтакте) жазылып, өзіңнің жеке парақшаларыңда 21 күн бойы жаттығу жасайтының туралы уәдеңді жариялау қажет. Екіншіден, 4 мен 25 маусым аралығында күнделікті 30 минуттық жаттығулар кешенін жасап, жаттығудан сурет, бейне көріністерді өз парақшаңа жүктеу керек. Онда #Другойты, #СеніңЖаңаҚырың немесе #differentyou хэштегімен және орналасқан жерін белгілеу шарт. Үшіншіден, акция барысында белсенділік танытып, бастамаға қатысуға достарыңды шақырып, өз жетістіктеріңнің нәтижесімен жақындарыңды ынталандыру қажет. үш аптаға созылатын акция қорытындысы бойынша арнайы комиссия белсенділік танытқан 16 жеңімпазды анықтайтын болады. Акция барысында мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше назар аударылып, олар Алматы қаласында танымал тұлғалардың қатысуымен өткізілетін 3 оффлайн-жаттығуға қатыса алады.

Бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Сенің жаңа қырың» акциясы әр адамның өзін жаңа қырынан танытуға мол мүмкіндік береді.

Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған