- Спорт

Асық ойнаған азбайды

«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген тәмсілдің келмеске кеткені белгілі. Доп қуып, төрткүл дүниенінің назарын өзіне аударып жатқандардың елдің алды болғалы қашан. Ал асық атып, ұлттық ойынын дәріптеп жатқандардың да ел алдында мәртебеге ие болып жүргені мәлім.

Ертеден қазақтың ұлттық ойыны саналған асық ату баланы дәлдікке, батылдыққа, шыншыл болуға тәрбиелейді. Сақаны сақаға соғып, мергендігін көрсететін бұл ойын түрін бүгінде республикалық деңгейде өткізіп жүр.

Қазақстан Республикасы Асық ату федерациясының президенті Жомарт Асылжанұлы қазақтың бұл ұлттық ойын түрін дәріптеуде аянбай жұмыс жасап келеді. Федерация перзиденті Сыр елінде өткен мектеп және колледж оқушыларының IX жазғы спартакиадасында асық ойынының маңайында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында айтып өткен болатын.

-Қазақтың ұлттық ойыны асық ату бүгінде аяғына тұрған ойын. Қазіргі таңда 8 облыста асық ату федерациялары жұмыс жасайды. Осы федерацияларымен бірге биылғы жылға жоспарланған 5 чемпионат ойындары бар. Одан бөлек аймақтарда өтетін турнирлер де бар. Бабаларымыздан қалған мирас ретінде өткен жылы ЮНЕСКО-ның 12 сессиясында материалдық емес мәдени мұра ретінде БҰҰ-ның тізіміне енгізіп келдік. Онда 24 елдің өкілдері біздің шешімімізді қолдап, бір ауыздан дауыс берді, – дейді Жомарт Асылжанұлы.

Асық ату ойынының ережесі 2011 жылы бекітілген. Бүгінгі таңда асық ату ойынын кеңінен насихаттау барысында мектеп бағдарламаларына қосылған. Оның ішінде бес табан, қыздарға арналған бес тас ойыны насихатталуда.

Федерация президенті Ж.Асылжанұлының айтуынша, қазақтың бұл ұлттық ойынына қызығушылық танытып жатқан шетелдіктер де бар көрінеді. Мәселен, асық ату ойынын қырғыз ағайындардан бастап, тәжік, моңғол, қытай елінде де ойналып келеді екен. Осыған сәйкес, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында асық ату ойынынан халықаралық турнир өткізу жоспарланған.

Ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу, ұлттық ойын түрлері мен тағам, дәстүрлерімізді меншіктеу де кемшілік танытып жататынымыз бар. Бірақ асық ату ойынын патенттеу мәселесі бүгінде түбегейлі шешілген. Асық ату ойыны ҚР Әділет министрлігінен ережесі бекітіліп, қазақтың ұлттық спорты ретінде патенттелген.

Мергендікпен қатар, шыдамдылыққа, ептілікке үйрететін ұлттық ойын түрі әлеуметтік желіге таңылып, смартфон мен компьютерге телмірген заманда өте қажет дүние. Яғни, асық атқан азбайды, керісінше ол жасқа да, жасамысқа да сергектік сыйлайды.

Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған