- Емен-жарқын

«Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Б.Досманбетов: Туған жердің қасиеті бір бөлек

Есімі Сыр еліне ғана емес, барша қазақ еліне белгілі Досманбетов Бақберген Сәрсенұлы еңбек жолын инженерліктен бастап университетте оқытушы, ректор, әкім, сенатор қызметіне дейін сатылап өскен жан. Ол қазақ елінің дамуына сүбелі үлес қосып, әлі күнге дейін туған жеріне қызмет етуде. Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» Досманбетов Бақберген Сәрсенұлымен қаланың 200 жылдық мерейтойы қарсаңында сұхбаттасқан едік.

   

Әкім болуды емес, ғалым болуды армандадым

– Бақберген Сәрсенұлы, әңгімемізді өткен күндерден бастасақ. Сіз қала әкімі болған тұста қала тарихында ұмытылмас шақтарды еске түсірсеңіз…

– Ұмытылмас шақ, біріншіден, әкім болған сәтім. «Үш ұйықтасам түсімде көрмес едім» дейді ғой, сол секілді әкім болам деген ойымда мүлде жоқ болатын. Менің бар арманым ғалым болып, жоғарғы оқу орнының ректоры болу еді. Сол арманыма жетіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры болып жүрген кезім болатын. Университет ғимаратының сыртқы келбетін әрлеу жұмыстарын кешкі уақытта жүргізіп, уақыт кеш болса да жұмыстың басы қасында жүргенмін. Бір уақытта артқы тұстан біреу түртеді. Жалт қарасам, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Не істеп тұрсың?» дейді.

– Ғимараттың сыртын боятып жатырмын.

– Құдайдың күні жетпеді ме, саған?

– Қалада үш-ақ «люлка» бар. Олар күндіз бос болмайды. Сондықтан кеште соның біреуін жалға алып жұмысты жасатып жатырмын. Жұмысты таңертеңге дейін бітіруім қажет.

– Орныңа проректорыңды жібермейсің бе?!

– Мен ешкімге сенбеймін. Барлығы өзім ойлағандай шығу үшін жұмыстың ортасында жүргенім дұрыс» дедім.

Содан әкім кетті. Таңертең сағат 10-да облыс әкімі шақыртып жатыр деген соң бардым. Барсам, әкім Бердібек Сапарбаев менің жеке қағаздарыммен танысып отыр екен.

– Қала шаруашылығы мен құрылыстың экономикасы және оны басқаруды ұйымдастыру мамандығы бойынша оқу бітіріпсің, ал мен қалаға әкім іздеп отырмын. Өзің білесің, қала арнайы экономикалық аймақ, ал сен экономика ғылымдарының докторысың, сен әкім болуың керек.

– Әкім… әкім ректордан жоғары емес.

– Неге, әкім жоғары. Мен Президент әкімшілігіне хабарласып сені ұсындым, олар өзі қарсы болмаса, бекітеміз деді.

– Білмедім. Мен әкім болу туралы ойланбадым. Мен үшін әкімнен ректор жоғары.

– Екі-үш күн ойлан деді.

Облыс әкімінің кабинетінен ойланған күйде сыртқа шығып, айналаға әкімнің көзімен қарадым. Қызық, қала өте күңгірт, шаршаған кейіпте тұрғандай сезіндім. Шынын айтқанда, бұрын қалаға мән бермейді екенмін. Облыс әкімімен кездесуден кейін, қалаға мән беріп қарасам, қалада қураған ағаштар көп, көшеде бордюр жоқ. Әр көше әрқилы, бір-бірімен байланыс жоқ. Осы мәселелерді көргеннен кейін «мен әкім болсам қайтер едім?» деген сауалға жауап іздей бастадым.

Орталық алаңда субұрқақ салынады деп қойылған бетондар тұратын, соны ретке келтіріп субұрқақ салар едім. Қаладағы Әйтеке би көшесінің тең жартысы базар болатын, соны көшіріп, жолды ашар едім деп ойладым. Пойыз жолдың арғы бетіне дейін өтіп, өзімді әкім ретінде сынап жүрдім. Сонымен ойланып жүріп 10 күн уақыт өтті. Менің не ойлап жүргенімді ешкім білмейді. Осыдан кейін облыс әкіміне барып, өзімнің 10 күннен бері әкім болып жүргенімді айттым. Көрген кемшіліктерімді айтып, оларды түзеу үшін не істеу қажет екенін де айттым. Әкім «оған қаражатты қайдан аласың?» деді. Мен арнайы экономикалық аймақтың қаржысы облысқа емес, қалаға түсетінін айтып, қолымда ақша тұрған соң жасайтынымды айттым. Сонымен қала әкімі болуға келісіп, 1996 жылдың желтоқсан айынан бастап Қызылорда қаласының әкімі болып тағайындалдым.

 

«Шанхайға» жол ашылды

Әкім болғандағы ең бірінші жұмысым, екі күн тікұшақпен қаланың үстінен жүріп видеоға, суретке түсірдім. Бұл арқылы қаланың қай маңында қандай мәселелер бар екенін жоғарыдан көргім келді. Себебі бізді институтты солай оқытты. Мен мамандығым бойынша жұмыс тәртібін жүргізуді қаладым. Ол ойымды жүзеге асырып, Қорқыт ата көшесі бойындағы теміржол көпірінің арғы бетінде тұйық болатын, сол маңдағы 2-3 үйді бұзу қажеттілігі туындады. Ол жұмысты да жасап, үйлерді бұзып, үй иелеріне пәтер берілді. Бір аптаның ішінде көшені тап-тұйнақтай етіп, «Шанхайға» жол ашылды. Сол жылы қалаға 7 субұрқақ салынды. Сонымен қатар Алтынсарин кинотеатрынан орталық алаңға дейін арбат жасадық. Сондай-ақ Тасбөгет қыстағы мен қала ортасы жазық дала болатын. Арай мөлтек ауданы жоқ еді. Сонымен қыстақ пен қаланың екі ортасын қосу мәселесі туындады. Алғашқыда халыққа жер беріле бастап, бірақ жолдың жиегін бос қалдыру, кейін ол жерлерге көпқабатты тұрғын үйлер салу туралы ойларымды айтқан едім. Сол тапсырма бойынша жұмыс атқарылып та жатты. Жолдың жиегі бос болатын. Кейін сол жерлерге де жеке үйлер түсе бастады ғой.

 

Үйлердің қабырғалары бұзылып, дүкендер ашыла бастады

Мен әкім болған тұста, кәсіпкерлікті дамыту тетіктері қолға алынып, көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатының көше жақ бетінен қабырғасын бұзып, дүкендер ашу айтыла бастады. Күнде кешкілік үгіт насихат тобы үйлерді аралаймыз. Бірақ, үй иелері «дендерің сау ма, отырған үйімізді бұзып не болыпты» деп қарсы болады. Күнде үгіт насихат жұмыстары жүргізіледі. Бірі дұрыс екен деп, жұмысты бастап жатады, енді бірі қарсы болды.

Қала басшысы болып тұрған тұста, бұрынғы пединституттың жатақханасы болған ғимаратты мың теңгеге әрең дегенде саттық. Ол қазіргі «Бабас»тың ғимараты. Алмаймыз, керек емес дейді, ертең үкімет қайтадан алып қояды, қалай оны тегін береді деп қорқады.

 

Ленин ескерткішін алу қиынға соқты

Тағы бір есте қалған шақ орталық алаңдағы Лениннің ескерткішін алу болды. Шыны керек, маған Лениннің ескерткішін алу қиынға соқты. Облыс әкімі ескерткішті қашан аласың деп күнде айтады. Мен аламыз, аламыз деймін. Бірақ алуға қимаймын. Наурыз айында облыс әкімі шақырып, тағы да ескерткішті алу керек екенін айтты. Мен бір айдан кейін туған күні, туған күнінен кейін алынатынын айттым. Сонымен туған күні өтті, облыс әкімі туған күн өтті ғой енді алып тастасаңдаршы деді. Барлық облыс алып тастаған, біздің облыс қана қалған болатын. Сонымен ескерткішті алмасқа амал қалмады. Ескерткішті алуды түнгі 23-00-де бастауға тапсырма бердім. Көктем мезгілі болатын, орталық алаңда халық көп жүреді. Өзім көліктің ішінде отырып, жұмысты бақылауға алдым. Міне қызық, ескерткішті алу жұмысы басталғалы жатқанда қолында гүлі бар бір орыс кемпір ескерткішке қарай аяңдап келеді. Қолындағы гүлін ескерткіш алдына қойып, сол маңда біраз отырды. Осы көрініс жүрегімді ауыртты.  Бірақ амал жоқ, жоспарланған жұмыс ескерткішті алу қажет. Ленинді алу жұмысы басталды, сонымен үш сағаттан соң, орынбасарым келіп, «ескерткіш орнынан алынбай жатыр, әруағы мықты екен» дейді. Мен айтам, «олай болмайды, ескерткіштердің аяқ киімдерінің ішінде бетонға құйылған метал болады, соны кесу керек» дедім. Екі сағаттың көлемінде оны да кесіп алды. Тарихи тұлғаның ескерткішін алғаным өзіме қатты әсер етті. Ескерткіш кемінде бес-алты метрдей бар-ау, қолын көтеріп аспанға қарап жатыр. Өзіміз сол тарихи тұлғаның есімін жаттап өскен соң, оның ескерткішін алу жанды тебіреткені рас. Ескерткішті алып, оны пионерлер паркіне қою жұмысы таңғы сағат 6-00-ге дейін жалғасты. Қысқасы Ленин ескерткішіне бір түн қызмет еттік ғой.

Қаладағы Кеңес Одағының кезінде қойылған ескерткіштерді алу жұмысы мен әкім болған тұсқа келді. Тағы тұспа-тұс келген жұмыс көшелердің атауын өзгерту еді. Көше атауларын қазақшалау үшін орынбасарым Бауыржан Омаров мынадай атау берейік деп жырау, ақындардың есімдерін ұсынады. Ленин көшесінің атауын ауыстыру кезінде Д.Қонаевқа беруді ұсындым. Сосын теміржол вокзалынан шығатын көшені кімге берсем екен деп жүрген едім және ол көшені ешкімге қимаймын. Сол уақытта халық Қ.Әуелбековті жақсы көрді. Сонымен ол көшені Қ.Әуелбеков көшесі деп атадық.

Әкім болғаныма үшінші жыл толғанда ТЭЦ-тің төбесі құлады. Күн жексенбі болатын. Өзім аңшылықты жақсы көрем, достарыммен демалыста аңға шығуды жоспарлап қойған болатынбыз. Таңертең ТЭЦ ғимаратының төбесі құлағаны туралы хабар келді. Ол кез қыс айы болатын. Ғимарат төбесі бу қазандығына құлаған, яғни, қалада жылу болмасы белгілі. Мәселені шешу үшін шетелдерден шағын бу қазандықтарын әкеліп, көпқабатты тұрғын үйлерге қою туралы шешімге келдік. Жиырма күн ішінде қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерге қажетті сегіз қазандықтарды жеткізіп, құрған болатынбыз. ТЭЦ-те күні түні жұмыстар жүргізіліп жатты. Тым жақсы жасалып жатқан жұмыстардың шырқын осы ТЭЦ-те болған жағдай бұзды.

 

Үйлердің сыртқы келбетін өзгертер едім

  • Тағы бір рет қала әкімі болатын болсаңыз, не істер едіңіз?
  • Тағы да қала әкімі болу мүмкіндігі берілмейтіні белгілі. Жалпы, қаланың бүгінгі өсіп өркендеуі мені қуантады. Әсіресе, қаланың сол жағалауының ашылғаны. Дүниежүзілік архитектурада қасынан өзен өтетін қалалар оң жақ, сол жақ болып екіге бөлінеді. Бізде дарияның жағасында отырып оның мүмкіндігін пайдаланбағанымыз дұрыс емес. Енді қаншама жылдардан бері іске асырылмады. Елге Қырымбек Елеуұлы облыс әкімі болып, қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлымен бірлесе жұмыс жасап, қаланың келесі бір даму кезеңін бастады. Әзірге елдің барлығы бірдей түсініп жатқан жоқ. Сол жағалауда ел жоқ, топырақ суырып тұрады деген секілді пікірлер бар. Бірақ қайбір қаланың салыну кезінде шаңның, топырақтың көкке көтеріліп жататыны белгілі. Қазіргі кезде онда біршама үйлер салынып жатыр, жыл соңына дейін мөлтек аудандар ашылып, халық қоныстана бастайтын болады.

Негізі, қайта әкім болсам, қазіргі салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы кейпін өзгертер едім. Барлығын бірдей қызыл кірпіштен сала беруге де болмайтын шығар…

 

Сол жағалауда шығыс стилі бар

  • Яғни, қазіргі салынып жатқан үйлерге көңіліңіз толмайды ғой. Жалпы, қалада сіздің көңіліңізден шықпайтын тұстар бар ма?
  • Жуырда өңірдің құрылысшылармен бірге бір бағдарламада бас қостық. Онда қазіргі салынып жатқан үйлердің құрылысы турасында, олардың барлығы бір түрде екенін айттым. Сонда құрылысшылар қаражаттың көлеміне қарай, халықтың қалтасына қарай салынып жатқанын айтты. Сонда да сыртқы келбетін өзге сырмен сырласа да өзгертіп, бір-бірінен ерекше етіп жасауға болады ғой. Жоқ, барлығы бірдей қызыл кірпіштен салынып жатыр. Құрылысшылардың идеясы осымен тоқтап қалғандай. Оны айтсаң, көңілдеріне келеді және «Осының өзін зорға салып жатырмыз. Егер біз қымбат материалдармен үй салатын болсақ, оны халық қымбатсынып алмайды» дейді. Мен оларға «сен зорға салма, алатын адам алады. Ал алады екен деп, бір түрде сала беруге де болмайды ғой» деймін. Құрылыстың барлығы бірдей, бір түрде болса, қаланың әрі де кірмейді.

Осыған байланысты айта кетейін, сол жағалауда құрылыс шығыс стилінде болады деген соң, мен де өз үлесімді қосайын деп «Болашақ» университеті қалашығының құрылысында шығыстың элементтерін пайдаланып жатырмын. Мәселен ғимараттың бірінші екінші қабаттарының терезелерін шығыс стилінде жасау жоспарланған.

 

Мен оптимист адаммын

  • Сол жағалау деп қалдыңыз. Жалпы сіз сол жағалаудағы жаңа қаланы қалай елестетесіз?
  • Жаңа қаланың жобасы менде бар. Онда шығыс стиліндегі, оның ішінде түрік стиліндегі үйлердің жобасы бар. Әзірге онда салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер қазіргі қалада салынған үйлерден айырмашылығы жоқ. Мүмкін шығыс үлгісіндегі үйлер келешекте салынатын болар. Негізі мен оптимист адаммын. Жаңа қала жобадағыдай болатынына сенемін.

 

Олар өмірдің ағымына риза

  • Қызылордалықтарға ғана тән қасиет деп нені айтар едіңіз?
  • Қызылорда қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аймақ ретінде көп айтылады. Халқының көбі тез сенгіш. Сондықтан да жұрттың барлығын бауырындай көре алады. Жалпы айтқанда ақкөңіл халық. Тағы бір қасиет, мұнда көпшілігі көнбіс. Басында болып жатқан жағдайды тағдырдың жазуы деп қабылдап, одан шығудың жолдарын іздеп, шарқ ұрмайды. Өмірдің ағымына риза. Бір сөзбен айтқанда, Сыр халқы қазақы қалыпты мықтап сақтап қалған.

 

Жұмысым маған демалыс сыйлайды

  • Қалада сіз демалатын жер…
  • Менде демалыс деген ұғым жоқтың қасы. В.И.Ленин «Жұмыстың бір түрін екінші түрімен ауыстырсаң, міне саған демалыс» деп айтып кеткен. Менің ұғымымда аптаның дүйсенбісі немесе жексенбісі деген жоқ. Бір күн құрылыс басында, бір күн көл жағалауындағы жұмыстарды бақылаймын. Әр күн сайын әртүрлі жұмыспен айналысып, өзіме демалысты аса қажет етпеймін. Бесарық ауылында көлім бар. Онда 27 гектар аумаққа бау-бақша жасалған. Бау-бақшаның ашылғанына 6 жыл болды. Қазіргі таңда өнім беріп жатыр. Сондай-ақ жарты гектар жерге жылыжай жасалған. Оған қоса, 70 ұя бал ара бар. Онда жылына 2-2 жарым тонна бал алынады. Көлдің аумағында зертхана бар. Зертханада «Болашақ» университетінің студенттері практикалық жұмыстарын өтеді. Көлде балық шаруашылығы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы маған демалыс сыйлайды.

 

Диірментөбе арманыма қол созған,

қиялыма ерік берген жер

  • Туған жер дегенде…
  • Туған жерді адам таныстықпен өзгерте де, қулықпен алдап та, ақшаға да сатып ала алмайды. Менің туған жерім Қармақшы ауданындағы кішкентай ғана разъезд. Шын мәнінде анамның айтуы бойынша Қармақшы ауданы, Төретам станциясында Сырдария өзенінің жағасында, бақшаның басында дүниеге келіппін. Мен екіге келгенде сол аудандағы Диірментөбе станциясына көшкен екен. Құжатты да сол станцияда алған болу керек, себебі, құжатта туған жерім Диірментөбе станциясы деп жазылған. Сол 15-16 ғана үйі бар станция, менің туған жерім өзіме ыстық. Онда менің балалық шағым өтті. Барлық арманыма қол созған, мақсатыма жету үшін қиялыма ерік берген жер.

Студенттік шақта Мәскеуден пойызбен елге келе жатқанымда, туған ауылыма жақындаған кезде қасымдағы орыстар «қайда жиналдың» дейді, сонда мен «қазір мына төбеден өткен соң үйіме жетемін» деймін. Ен далада 5-6 үйді көрген достарым, «Құдайым ау, сонау Мәскеуден осы жақты сағынып келе жатырмысың, сен Мәскеуде қалсаңшы» дейтін… Ал мен сол туған жерімді, ата-анамды сағынып жетемін. Қанша алыстап кетсең де, туған жердің қасиеті бір бөлек.

 Әңгімеңізге рахмет!

Д.МАХАНОВА   

Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған