- Орданама

Қос ғасыр жырлайды

Қаланың бас қақпасы теміржол вокзалы мен іргелес облыстың тарихи өлкетану музейінің филиалы Ақмешіт музейі орналасқан. Қаламыз Перовск аталған заманда салынып бүгінге дейін сақталған ғимарат. Іргелес тұрған теміржол вокзалы ғимаратымен қабат 1905 жылы бой көтерген. Көше жақ маңдайшасында «Теміржол милициясы ғимараты. Ескерткіш мемлекет қорғауында» деп жазылған тақтайшасы тұр.

Өлкеміздің ыстық-суығына ғасырдан астам уақыт бойына шыдас беріп тұрған тарихи ғимаратта Қызылорданың 200 жылдық тарихы «өмір сүруде».

Иә, уақытпен көшіп, дәуірі өтіп тарихқа айналған дүниені «өлтірмейтін орын» музейі емес пе?

Қаламыздың қос ғасырлық тарихын қоқандықтар салған Ақмешіт бекінісінен бастайтынымыз белгілі. (Дегенмен, мұны теріске шығаратын деректер де бар. Айталық, зерттеуші Т.Мәми: «Ә.Қоңыратбаев Ақмешіт оғыз-қыпшақ қалаларының бірі ретінде ІХ Х ғасырдың басы десе, ғалым Т.Бейсембаев Ақмешітті қоқан хандығы салды дегенді теріске шығарады» дейді. Сондай-ақ, мұны жергілікті археолог И.Горчаковскийдің 30 жылдары жүргізген қазба жұмысының қорытындылары да айғақтайтынын айтқан екен).

Музейден Ақмешіт бекінісі жайында нақты мағлұмат алуға болады. Келушілер назарын бірден аударатын дүниенің бірі Ақмешіт бекінісінің мекені. Тарихи деректерге сүйенсек, Ақмешіт бекінісін қоқан ханы Омархан салғызған екен. Саз балшықтан, шаршыланып салынған бекіністің әр қабырғасы 110 метрден, іргетасының қалыңдығы 10,5 метр, жоғарғы жағы 4,5 метрден аса, ал биіктігі 12 метр болған екен. Қабырғалардың жоғарғы жағында кезеніп келген жауға оқ жаудыратын ойықтар жасалып, бекіністің сыртынан ені 10 метр ор қазылған. Ордың алдын орап екі қатардан қорғаныс қабырғалары салынған.

Бекіністегі үйлер де саз балшықтан турғызылыпты. Бекіністе 50 шақты үй, 2 мешіт-медресе болыпты.

Музейдегі макетте тарихи дерекке сай бекіністің бүкіл сипаты көрініс тапқанға ұқсайды. Берік қамалмен қоршалған Ақмешітті басып алу бес қаруын асынып келген патша әскеріне оңайға түспеген. «Акмечет важный форт. Видно его строил образованный человек и нам будет трудно овладеть крепостью» деп жазған көрінеді бекіністі бірден ала алмаған Перовскийдің өзі.

Бекініс Орта Азиядағы сауда-саттықты билеу үшін қоқандықтарға қандай маңызда болса, патшалық Ресей үшін де соншалықты маңызды болғандықтан бекініс үшін қанды шайқас жүрген. 1847 жылы дарияның төменгі жағында Райым бекінісін салған орыстарға енді оңтүстікке дендеп ену мақсат еді.

Бекіністі алу жолында алдымен бірсыпыра сәтсіздіктерге ұшыраған империя әскері ақыры діттеген мақсатына жетеді. 1853 жылы шілдеде Ақмешіт бекінісін жаулауға келген Орынбор генерал-губернаторының қарулы күштерінің құрамындағы 100 офицер, 2500 солдат, 2 кеме (кемелер Райым бекінісінде құрастырылады), 150 казак атты әскері, саперлер қатарында «қазақтардан 300 адам, сұлтан Елекей басқарған 200 барлаушылар тобы болды» деген дерек бар.

Бекіністі алған генерал-губернатор бекініс қорғанысына 200 казак атты әскерін, 50-дей башқұрт әскерін, 17 зеңбіректі қалдырып Орынборға қайтады. Патша марапатына ие болады. 31 тамызда Ақмешіт бекінісін Перовск форты деп атау жөнінде патша жарлығы шығады.

Алым-салығымен қан қақсатқан қоқан қамытының орнына имансыз империалистердің қамыты түседі халық басына. Империя билігін нығайта түсу үшін І Қазалы, ІІ Қармақшы форттары салынады. Ал Перовск фортына 1858 жылдан бастап халықтың қоныстануы басталып, қала ретінде дами бастайды. Империалистік Ресейдің билігіндегі қала болғанымен бүгінгі Қызылорданың іргетасы сол бір Перовск атты қоныста қалана бастады десек, артық айтқандық емес.

 

Тарихи дерек көздеріне сүйенсек, қала ретінде қалыптаса бастаған Перовскінің тыныс-тірлігіндегі алғашқы қадамдар қызғылықты көрінеді.

Уездің алғашқы бастығы П.Панкратов қаланы (1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы құрылып, Перовск уезд орталығы болып, қала мәртебесін алған) көгалдандыруға маңыз беріп, ағаш өсіретін питомник ашқызады. Қала халқына бау-бақша өсіруге, егістікке жер бөлінеді. Көше бойлап Сарқырама ағып жатады. Қалаға мұсылман саудагерлері ғана емес, орыс көпестері «алыстан арбалап» ұн, мата, қант, темірден соғылған тұрмыстық саймандар, әшекей бұйымдарын әкеліп, кейбірі «тойынған жеріне» қоныстап қалып та жатады. Базарда мал, жүн жұрқа, қаpакөл елтірісі саудаланып, базар қыза түседі. Орыс көпестері мол өнімдеріне қант, шай, мата айырбастау үшін жақын жердегі ауыл-ауылды да аралайды екен.

Бертін келе қалада 2 кірпіш зауыты, екі жел диірмені, май шығаратын құрылғылар пайда болады. Екі монша жұмыс істейді. Түнгі көшені алғашқы керосин фонарьлар жарықтандырады. Жаңа қоныс, жаңа үйлер бой түзейді. Өркениет, жаңа заманның лебі дегенмен, мұның бәрінің иесі жергілікті халық емес, жат жұрттықтар еді. Қала өміріне қатысты тағы бір атап өтерлік дерек, 1906 жылдан бастап көшеге тас төсеу басталады. Теміржол вокзалынан базарға дейінгі аралыққа шамамен 1-2 шақырым жолға тас төселеді. Күйдірілген кірпіштен тротуралар салына бастайды. Алғашқы кітапхана 1863 жылы ашылады. Дегенмен, бұл да отаршылдардың өз игілігіне арнап жасалған дүние болды. Қалай дегенде де, Перовск деген қоныста орын тепкен көрнекі құрылыс-сәулет нысандары қазір де сақталып, қаланың көркіне көрік қосумен бірге ең алдымен тарихи ескерткіш ретіндегі құндылығымен бағаланып, көз қуантады.

200 жыл тарихы бар қалада өткеннің ізі қалмай қала бірыңғай су жаңа келбетте болса, оған деген ықыласымыз да терең бола қоймастай көрінеді. Кәрі ананың жүзіне ізгілік болмысы мен елжіреген жанашырлықпен қарайтын перзент сезіміндей мөлдірлік болар ма еді бұл сүйіспеншілікте?

«Мәңгілік ел» деген баянды болашақ ғана емес, қасіреттері қат-қабат болса да, жоғалтуға болмайтын өткенмен сабақтастық.

Қызылорда – сонау заманда Батпақкөл ойпатында пайда болған көне қоныстың бүгінгі келбеті.

«Ақмешіт» музейінде Перовск тұсында салынған жоғарыда аталғандай теміржол вокзалы, музей ғимараттары, Айтбай мешіті (бұл мешітті 1905 жылы Айтбай Балтабайтегі есімді ауқатты қазақ салдырған), 1890 жылы салынған Қазан Богородтық шіркеуі, әскери казарма, сынды айтулы ғимараттардың фотошежірелері қойылған.

Орынбор Ташкент теміржолының салынуы қала тарихында ерекше маңызға ие болды. (1929 жылға дейін теміржол Шымкент-Жамбылға бармаған, тікелей Ташкентке барған). Теміржол бойына халық жиі қоныстанып, құрылыс аяқталған 1906 жылы қала халқының саны 8328 жетеді. Осыған байланысты вокзал ғимараты, депо, вагон жөндеу бөлімі, теміржол әкімгершілігі, теміржолшыларға арнап тұрғын үйлер салынады. Осы темір жолмен 1925 жылы сәуірде арнайы жасақталған пойызбен Қазақстан еңбекшілерінің V съезінің делегаттары мен Үкімет мүшелері Ақмешітке (Перовск 1922 жылы қайтадан Ақмешіт атала бастайды) келеді.

Қала тарихы дегенде Қызылорда қаласының астана болған кезеңі айрықша мақтанышпен айтылатыны белгілі.

Ақмешітте 1925 жылдың 15-19 сәуірі аралығында өткен (жоғарыда аталған) съезде оған дейін ресми жазбаларда қырғыз аталып келген ұлтымыздың қазақ аты қайтарылды.

Қаламызда Мұхамеджан Тынышбаев, Жалау Мыңбаев, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды халқымыздың біртуар перзенттері қызмет етті, ұлт тарихында өшпес із қалдырды.

Музей қабырғаларынан ХХ ғасырдағы қилы кезеңнің ауыртпалығын арқалап, қасіретін тартқан есімі ел есінде қалған қазақтың аяулы перзенттерінің ғұмыр шежірелеріне сусындап шығарыңыз хақ.

200 жылдық орданамамыздың даңқты беттері аз емес. Біз оны әлі талай тарқататын боламыз.

Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған