- Біздің əулет

Имандосов ұстанымы: еңбектен қашпау…

“Отан отбасынан басталады” деп бекер айтылмаса керек. Ұяда көрген тәрбие әрбір адам баласының өмір бойғы түпқазығы, бағдаршамы. “Біздің әулет” айдарында біз өзгелерге үлгі-өнеге болар қазақ отбасының дәстүрін, тәлім-тәрбиесін көрсеткенді жөн көрдік. Себебі, қазақтың өнегелі шаңырағында тәрбие барша қазаққа тәлім-тәрбие мектебі болары сөзсіз. Ендеше, әрқайсымыз ел сүйсінген қазақтың әулетін насихаттауға асығайық, тіпті өз әулетіңіздің үлгі-өнегесін осы айдарда көрсетуіңізге болады.

Айдарымыздың бұл жолғы кейіпкері – есімі елге белгілі С.Имандосовтар әулеті. Еңбегімен елге танылған кәсіпкер азаматты білмейтіндер кемде-кем. Отбасын ғана емес, кәсібімен талай қазаққа жұмыс көзін тауып берген, халық қалаулысы ретінде ел мұқтажын жетер жеріне өтімді сөзімен өткізе білген Самұрат Имандосовтың отбасын еңбекпен өскен әулет деуге болады. Себебі, кейіпкеріміз Сыр бойының брендіне айналған “Дәмді” сүтін дәмді етуге тер төкті, бүгінде әке жолын оның баласы жалғастыруда. Әкеден балаға мұра етіп кәсіп қалдыруды мұрат еткен  берекелі отбасы туралы жазбақ ниетімізді түсінген үлкен әулеттің келіні Жадыра бізге ақпарат беру жағынан көмектесті. Елге үлгі болар әулетін насихаттауға көмегін тигізген ибалы келінге алғыс айтқанды да жөн көрдік…

“РЗА”-ға ел ырза

Бүгінгі кейіпкеріміздің сонау жастық шағынан бастап еңбек жолын жаза бастасақ бір кітапқа жүк болатындай тақырып. Біз тәуелсіз ел болғалы ата кәсіпті жаңа қырынан жалғастырып, “Дәмдінің” атын ел-елге танытқан тұсын айтсақ та аз болмайтыны белгілі. Айта кетелік біз айтқалы отырған “РЗА” АҚ бір ғана мал шаруашылығымен айналысатын компания емес, ол сан-салалы. “Сыр күріші” деген атпен Сыр салысын егіп ғана қоймай, ауылшаруашылығына жаңа леп, жаңа технология әкелген “РЗА” компаниясы мұнан әрі тағы бір саланы уақыт талабына сай дамытуды қолға алды. “Малым-жанымның садағасы” дейтін қазақтың хал сұрасқанда да “мал-жаның аман ба?” дейтіні бекер болмаса керек. Ата кәсіпті қолға алып, ет, сүт өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз етуді мақсат еткен кәсіпкердің асыл мұраты жүзеге асты. Қазір бізге айтуға да, жазуға да оңай болғанымен бұл жазық жерге тау тұрғызғандай білім мен білікті ғана емес, қажыр мен қайратты талап ететін, шыдам мен төзімді сынаған еселі еңбек болатын. Асыл тұқымды мал фермасымен қатар кешенді сүт фермасын құрған кәсіпкер С.Имандосовтың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде аймағымызда алғаш рет сүт қорапқа құйылып, дүкен сөрелерінде тұрды. Әдепкіде көп жұрт өз көзіне сенер-сенбесін білмей, “Дәмдіге” қорқасоқтап қол созса, бір дәмін көргеннен кейін “Дәмдіні” іздеп жүріп алатын болды.

Бүгінде “РЗА”-ның ақ күріші, “Дәмді” десе, дәмі бал татыған қою сүті мен айраны, ірімшігі мен қаймағы брендке айналды.

Тәуелсіз елдің бір азаматының кәсібі бұл!

“Ата көрген оқ жонар…”

Елге жақсы атыңды таныту бір күннің жұмысы емес. Тіпті, мың күннің де. Бұл маңдай тер, ешнәрсеге айырбастап ала алмайтын абырой, адамгершілік, ізгі қасиеттер, қажыр мен қайрат, адалдық. Осындай ізгі қасиетпен, еңбекпен шыңдалып, атадан балаға жалғасқан Имандосов фамилиясына бір сызат түсірмеген  әке Самұрат бұл ізгі тәрбиені өз балаларының бойына сіңіруге барын салды, сөзбен емес, іспен үлгі болды. “Әке көрген оқ жонар” дегендей, еңбекпен ғана биік мақсаттарға қол жеткізуге болатынын әке тәрбиесінен ұғынып өскен балалар да еңбекті бағалай білген отбасы тәрбиесінен алшақ кете алмайтыны айдан-анық. Ұрпағымен мақтана алатын бақытты әкенің балалары жайында атап айтқан жөн болар.

Шаңырақты шаттық бөлеп, дүниеге келген тұңғышы – Мұрат Самұратұлы да есімі елге танымал азамат. Мамандығы – қаржыгер, заңгер, экономика ғылымдарының кандидаты. Түрлі деңгейдегі қызметтерді абыроймен атқарып келеді. Үлгілі отбасының отағасы.

Қарашаңыраққа ие болып отырған кенже ұлы – Нұрлан Самұратұлы әке жолын жалғастырып, әке бастаған кәсіпті қолға алып дөңгелетіп келеді.

 

 

 

 

Ал Бақыткүл, Фаризат есімді қос гүлі де өмірден өз орнын тапқан асыл жандар. Білім алып, бір-бір мамандықтың иесі атанып, абыроймен еңбек етіп, өмірден өз жолын тапқан қыздардың бойында әкенің ақылымен, ананың ақ сүтімен дарыған ибалылық бар.

 

 

 

Үкілі үміт

Ата үшін немеренің орны бөлек. Қарашаңырақтағы ұлы Нұрлан мен келіні Жадыраның тұла бойы тұңғышы, атасының баласы Сұлтанның бұл әулетте орны бөлек. Басқа немерелері бір төбе, Сұлтанын бір төбе еткен атасы кішкентай Сұлтаннан үлкен үміт күтеді. Кішкентайдың бойындағы қабілетін ерте бастан таныған болу керек, ата ізінен бір елі ажырамайтын Сұлтан асқақ арманының, биік мақсатының жалғасы тәрізді. Кішкентай Имандосов та еңбекқор болып өсіп келеді.

Әке өсиеті

Қағаз бетіне түскен жазу тасқа қашалғанмен бірдей екені әу баста дәлелденгені белгілі. Ұрпағына өсиет еткен әке Самұраттың бұл жазбалары жас ұрпақ жадында жүретіндей…

  • “Отан – отбасынан басталады” деген ұлағатты сөз бар. Қазақы отбасындағы ерлі-зайыптылық ғұмыр – өте бір нәзік құбылыс. Ер-азамат отбасының асыраушысы, әйел – шаңырақтың береке-бірлігін сақтаушы – тәрбиеші. Егер жігіттің таңдаған жары осыған лайық болса, оны еш намыстанбай мойындауымыз керек.
  • “Алып – анадан” деп, халықтың ананы құдіретке теңейтіні тегін емес. Ел бастаған көсем де, топты жарған шешен де, аузын айға білеген ақын да, айбалтасын асынып, найзасын қолда ойнатып, қылышын кекке суарған батыр да, әлемді аузына қаратқан данышпан да Анадан туған ғой. Олардың ананың ақ сүтіне жүгінбей, ақылына тоқтамай кеткені жоқ. Кім болса да алдымен анасын сыйлауы тиіс. Қасиетті Құранда да солай жазылған. Сондықтан жастар өмірге қадам басқаннан бастап, өмірлік жарын дұрыс таңдай білгені жөн. Бақ та, құт-береке де сыйластығы мол шаңыраққа, пиғылы дұрыс адамға қонады.
  • Ата-ана баланы еңсесін көтергеннен адал еңбек етуге тәрбиелеу керек. Үлкендер ізіне ерген жастарды кәсіппен айналысуға, отансүйгіштікке, адамгершілікке, тұрақтылыққа, адалдыққа, бауырмалдыққа, имандылыққа баулығаны жөн. Тіршілік етудің көзін айтып, соған бейімдеп, көмектесу қажет. Өзінің туған, кіндік қаны тамған жерін, өлкесін көркейтуге, экономикасын нығайтуға үлес қосып, жер жұмағын басқа аудан, облыстан, басқа мемлекеттен іздеп, еліктемей, әуейі болмай, осы жерден атуып, қатардан қалмай өмір сүруге болатындығына көзін жеткізіп, өнегелі іс атқаруымыз керек. Ол үшін әрбір аға буын өзіміз бас болып, ісімізбен үлгі көрсетіп, сосын барып басқаға жөн сілтегеніміз жөн.
  • Шыққан тегімізді, өнген-өскен ортамызды, тарихымызды дәріптеп, ұлттық мақтанышқа айналдыру орнына рушылдыққа бой ұру – атадан балаға жеткен дәстүріміздің тамырына балта шабу, өзімізді-өзіміз масқаралап, өзгелердің мазағына жол ашу. Ата-бабаларымыз “қазақтың жауы – қазақ” деп осындайда күйінгеннен айтқан болуы керек.
  • Әрбір отбасы шағын мемлекет екені рас. Оның ең басты қасиеті – татулығы мен бірлігі, ұйыған ынтымағы, жарасымды тірлігі.
  • “Баланы-жастан” деген сөз өмірлік тәжірибеден алынған. Өйткені отбасы өмірінде, яғни қарашаңырақта қалыптасқан қарым-қатынастар оларға ұмытылмастай әсер қалдырады.
  • Жақсы құрылған жанұя – жарық дүние. Жастардың өзін-өзі тәрбиелеуі – өмір заңы дер едім.
Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған