- Орданама

Қызылорда Астана болған кезде


Қызылорданың 200 жылдық мерейтойы барша облыс тұрғындары үшін маңызы зор, мәнді дата екені анық. Өйткені қаланың 200 жылдық шежіресі ел тарихының ажырамас бір бөлігі. 200 жылдық тарихында бұл мекен түрлі тарихи кезеңдердің куәсі болып, Ақмешіт, Перовск аталғаны белгілі. Сондай-ақ, қаламыздың Қызылорда атанып, ел астанасы болған кезең көпшілігіміз “тұңғыш астана” деп мақтанышпен айтатын дерек. Шындығында да ел тарихындағы қилы кезең Қызылорда астана болған 1925-1929 аралығы қала тарихындағы өшпес беттер.
Ол тарихты түгендеп, “ақтаңдақтарын” ыждағатты зерттеу парыз. Көпшілік атсалысатын мерейтой думанды мереке ғана емес, қала тарихына құрметіміз, ізденісіміз ретінде мәнді болмақ. Осының бір айғағы дарияның сол жағалауында бой көтеріп жатқан жаңа қалада Қызылорда астана болған кезгі Қазақ атқару комитеті ғимаратының салынуы.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен салынған бұл ғимаратты қала тарихына құрмет, ерек ескерткіш деп білеміз. Кезінде сүріліп тасталған бұл ғимараттың қайта салынуының негізгі мәні аталмыш ғимаратта 1925 жылы оған дейін ресми жазабаларда қырғыз аталып келген ұлтымыз Қазақ атын қайтару туралы шешім қабылданды.
1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден кейін ел астанасын 1920-25 жылдар аралығында астана болған Орынбордан көшіру мәселесі өткір көтеріледі. Сол кезде “астананы қайда орналастыру” мәселесі біраз талқылауға түскен. 1924 жылы қыркүйекте Қазатком сессиясы Ташкентке, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жайында шешім қабылдайды. Дегенмен, Астана Ақмешітке (Преовск қаласы 1922 жылдан бастапқы Ақмешіт атауына қайта ие болған еді) ауыстырылады деп шешіледі. Бұл орайда Ақмешіттің қалың қазақтың ортасы, темір жол бойында орналасқандығы т.б тарихи, географиялық, стратегиялық маңыздылығы алға тартылады. Астананың Орынбордан Ақмешітке көшіріліп, орналасуына Мұхамеджан Тынышбаев (1879-1937), Аспандияр Кенжин (1887-1938), Жалау Мыңбаева (1892-1929), Сұлтанбек Қожанов (1894-1938), Нығмет Нұрмақов (1895-1937), Абылай Серғазиев (1896-1938), Сүлеймен Есқараев (1897-1938), Смағұл Садуақасов (“1900-1938). Бекайдар Аралбаев (1896-1937) сынды ұлтымыздың біртуар азаматтары басшылық етіп, атсалысқан. Бұған әсіресе көп еңбек сіңірген С.Қожанов болды. “Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан, қазақтың киіз ауылында болса да қазақ ұлты жұртшылығына жуық болу керек. Қазақ ұлтының мемлекетшілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қамына керекті шаралар іс жүзінде реттелуі қиын» деген екен С.Қожанов.
Сөйтіп 1925 жылы 9 ақпанда астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығады. 1925 жылы сәуірде Үкімет мүшелері мен Қазақ АКСР-ның кеңестерінің V съезіне сайланған делегаттар арнайы жасақталған пойызбен Ақмешітке жол тартады. Жаңа астанаға бет алған пойызда Сұлтанбек Қожанов, Жалау Мыңбаев, оқу комиссары Смағұл Садуақасов, ішкі істер комиссары Сүлеймен Есқараев, халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақов, т.б Үкімет адамдарымен бірге халықымыздың тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғалар болды.
15 сәуірде Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АКСР кеңестерінің атақты V съезі жұмысын бастайды. 15-19 сәуір аралығында съездің күн тәртібінде екі мәселе қызу қолдау тапқан. Бұлар Ақмешіт қаласының атын Қызылорда деп өзгерту және сол кезге дейін ресми жазбаларда қырғыз болып жазылып келген ұлттың тарихи атын қалпына келтіру туралы мәселелер.
Съезде “Қырғыз республикасын Қазақ республикасы” деп, ал оның астанасын Қызылорда деп атау жөнінде қаулы қабылданады.
Сол жылы күзде Қазақстанға ел басына орны толмас қасірет әкелген Голощекин басшы болып келді.
«Қырғи революционер, айлакер Голощекин Қызылордаға келгенде ауыл дегенді бірінші көруі екен. Алғашқыда не істеймін деп тыңдап отырған. Жанына жандайшаптер мен ұлтын сататын опасыздарды топтай білген.Жиналыс, отырыстарда айтылған небір сөздер тыңдалып, қатталған. Оның нәтіижесі өздеріне опат әкелген» деп жазады бұл туралы зерттеуші Т.Мәми.
Сондай қысылтаяң қиыншылықтарға қарамастан Қызылорда астаналық мәртебесіне орай дамып, көркейіп, елеулі ілгерілей түскен. Қаланың суландыру жүйесі жөнделіп, көркейту жұмыстары жүргізіліп, ағаш егілген. Электр станция, 45 орындық аурухана, сыра зауыты, жазғы парк, кинотеатр ашылып, жұмыс істей бастаған. “Еңбекші қазақ”, “Советская степь” газеттері шығарылған. Сол кезде шығатын 31 газеттің 13-і қазақ тілінде болған. Мәдениет пен халық ағарту ісіне бюджет қаржысының 35-40 пайызы бөлініп, көптеген жаңа оқу орындары ашылған.
1925 жылы Орынбордан Қазақтың ағарту институты көшіп келген. Сонымен бірге қалада совпартшкол, медицина, кооператив, финанс, транспорт-механикалық, геоботаникалық, шикізат техникаумдары ашылған.
Қазақтың ағарту инсититутында 1925-29 жылдары Сәкен Сейфуллин алдымен оқытушы, кейін ректор қызметін атқарған.
Қазақ театр өнерінің қарашаңырағы саналатын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының шымылдығы алғаш Қызылорда қаласында ашылды.
1926 жылы 13 қаңтарда театр сахнасында алғашқы қойылым болған. (Бұл Қалке Кемеңгеровтің “Алтын сақина” пьесасы екен).
Патшалық Ресейдің боданынан босанды дегенмен, елді алда зобалаң аштық, қуғын-сүргін қияметі мен “жасампаз” саясаты ұлт тағдырына аяусыз соққы болып тиген социалистік жүйенің бірнеше ондаған жылдарға кететін кезеңдер күтіп тұрған еді. Дегенмен, сол кездегі халқымыздың нар тұлғаларының еңбегімен, қажыр-қайратымен қазақ мемлекетінің негізі қаланды, білім, мәдениет, өнер саласында игі істер бастама алды.
Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, т.б кемеңгер қайраткер, қаламгерлер Қызылорданы мәдениеттің ошағы ету жолында көп еңбек сіңіріп, әдеби шығармалар, мақалалар жазды. Театр сахнасына арнап пьесалар жазды. Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Құрманбек Жандарбеков сынды өнер майталмандары Қызылордаға шақырылған. Астанада жаңа заманның туын көтерген қоғамдық-саяси өмір де қыза түсті. Тарих беттерінде жаңа заманның жаңа кейіпкерлері – Алма Оразбаева, Нағима Арықова, Мәдина Бегалиева, Сара Есова сынды белсенді әйел азаматтардың есімдері жазылып қалды. Осы орайда айта кетерлік бір дерек, 1925 жылы қала мен ауылдағы еңбекші әйелдердің 616 мыңы жергілікті кеңестерге мүше болып сайланған. Қай заманда да астана саяси орталық, мәдениет ошағы болумен қабат, экономиканың даму тегершігі де.
1925 жылы 10 желтоқсанда Қызылордада бірінші өлкелік сауда жәрмеңкесі ашылады. Жәрмеңкеге Қазақстанның барлық облыстары, Орта Азия республикалары, т.б республикалардан, Орынбордан өкілдер келіп қатысады.
Қызылорда астана болған кезедегі кейбір деректер осындай. 1929 жылы Үкімет шешімімен Қазақ АКСР-нің астанасы Қызылордадан Алматыға көшірілді.
Г.Оразалиева
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология және этнография бөлімінің ғылыми қызметкері

Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған