- Рухани жаңғыру

Ата дәстүріміз жаңғыртылды


Қай кезеңде болмасын қазақтың ұлттық бұйымдары өз құндылығын жойған емес. Қазірдің өзінде елімізде ғана емес, шетелдіктер де мойындап, асқан қызығушылықпен қарайды. Қолөнершілер негізінен табиғи шикізаттарды пайдаланып, қарапайым еңбек құралдарының көмегімен тұрмысқа қажетті мүліктер, музыкалық аспаптар, қару-жарақ, құрал-саймандар, сәндік бұйымдар жасайды. Әрбір қолөнер туындысы өз заманының материалдық мәдениетінің үлгісі және халық талғамының, әлеуметтік қоғамдық жағдайының, діни сенімінің, салт-дәстүрінің нақтылы көрінісі.
Қазақ халқының қолөнерінде киіз үй жабдықтарын жасау, түйін түю, ши орау, кесте тігу, өрмек тоқу, киіз басу, сондай-ақ моншақ, білезік, сақина, сырға, алқа, шолпы сияқты зергерлік бұйымдар жасау кең дамыды. Қазіргі таңда да атадан мұра болып қалған бұл өнер жойылып кеткен жоқ. «Алайда ерекше мәнге ие шолпы, жағалық секілді сәндік бұйымдарымыз ұмыт болып бара жатыр», – дейді қолөнер шебері Әбдірейім Сұлтанғали. Осыны негізге алған «QOLONER» ұлттық нақыш орталығының иесі Аида Керімқұлова қолөнер шеберін Түркістаннан арнайы алдырған. Киіз үй тігіп, Сұлтанғали Темірұлының шеберлік сағатын өткізді. Оған ұлттық өнерге қызығушылық танытқан қала тұрғындары қатысты. Қолдан күміс бұйымдар жасаудың қыр-сырына қанығып, шебермен ашық әңгіме құрды.
Сұлтанғали Темірұлының қолөнермен айналысқанына 4 жыл болған. Бірақ бала күнінен әкесі мен ағасының жұмысын көріп өскен ол, өзіне бұл өнердің қанмен берілген қасиет екендігін айтады.
– Бұл өнерді маған ағам үйретті. Өзімнің қызығушылығым да болды. Қазір негізінен күмістен сәндік бұйымдар жасаймын. Сонымен қатар түйе, жылқы сүйектерін де пайдаланамын. Қазіргі таңда «QOLONER» ұлттық нақыш орталығымен бірлесе жұмыс жасап жүрмін. Бүгінгі шеберлік сағаты да соның нәтижесі. Алдағы уақытта мұндай шараларды жиі ұйымдастыратын боламыз, – дейді Әбдірейім Сұлтанғали шебер.
Сонымен қатар, әлемге әйгілі түркітілдес ноғай ұлтының график-суретшісі Әлібек Қойлақаев та «өңделген штрих» бірегей техникасы бойынша графика өнерінен арнайы шеберлік сағаттарын және шығармашылық семинарларын өткізді.
М.Қожахметова,
«Рухани жаңғыру» орталығының маманы

Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған