- Бай ауыл

«Бизнес-кеңесшіні» оқып, кәсібін ашты


Ләззат Алшағырова жастайынан мал шаруашылығымен етене таныс жан. Оның әкесі мал бағып, шаруашылығын өрлетіп, ата кәсіппен айналысады. Сондықтан да Ләззат өз кәсібін ашуды ойлағанда жылқы малын бордақылаумен айналысуды жоспарлайды. Отбасымен ақылдаса келе облыстық кәсіпкерлер палатасына келіп кеңес алады. Сол жерде «Бизнес-кеңесші» сабағына қатысып, кәсіпкерлік саласына қатысты біліктілігін жетілдіреді, сертификат алады.
Бизнес ашудың алғашқы әліппесімен танысқан ол бизнес-жоспарын жасап, қорғайды. «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталыққа жобасын ұсынып, 6 млн.теңге несиеге қол жеткізеді.
«Алған несиеге 20 бас жылқы сатып алып, жылқы бордақылау кәсібімді бастадым. Алдағы уақытта жылқының басын көбейткім келеді. Бие сауып, алынған өнімді де тұтынушыларға ұсынуды көздеп отырмын», – дейді кәсіпкер Ләззат Алшағырова.
Кәсіп иесінің мал бағуға ыңғайлы жері, қасында көлі бар. Отбасылық бизнес болғандықтан Ләззатқа ұлы мен жолдасы көмектеседі. Кәсібін енді бастап отырған отбасының алдағы жоспары да ауқымды.
Мемлекеттік бағдарламалардың бағыт-бағдарын түсініп алған кәсіпкердің енді осы несиені төлеп болған соң инновациялық жобаларға арналған грантқа қатысу да жоспарында бар.
Жері кең болғандықтан жылыжай салуды ойластырып отыр. Қорасында қаз бен тауық ұстап отырған Ләззат оның санын көбейткісі келеді. Одан бөлек бие сауып, денсаулыққа пайдалы сусын қымыз сатумен де айналысуды көздеуде.
«Қазіргі таңда шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында біз кәсіпкерлерге немесе кәсіппен айналыссам деген азаматтарға қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды жан-жақты түсіндіріп, саланы игеруге қолдау көрсетудеміз. Палатаға келген кез келген жанға әуелі кеңес береміз, одан кейін сұраныстарына сәйкес «Бизнес-кеңесші», «Бизнес-өсу», «Жобалық оқыту» курстары аясында тегін оқытамыз. Бизнес-жоспарын жасап береміз, жобасын қаржыландырғанға, тіпті кейін де сүйемелдейміз. Бұл қызметтердің барлығы да тегін», – дейді бизнес-тренер Асылжан Жолдасбеков.

Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған