- Жаңалықтар

“Жайдарманшылардыкі” арзан күлкі ме?..


Күні кеше ғана БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесін сән-салтанатпен ресми түрде атап өттік. Жыл бойы атқарылған жұмысты қорытындылап, үздіктер марапатталды, аға буынның еңбегі бағаланып, жаңа есімдер танылып, бір мәре-сәре болдық. Құтты болсын дейміз. Айтпағымыз ол емес. Айтайын дегеніміз “артық қыламын деп, тыртық қылған”, елді күлдірем деп бүлдірген жайдарманшылардың сауатсыз әзілі болды.
Өз мүддесінен қоғам мүддесін жоғары қоятын, халықтың жоғын жоқтап, мәселесін жеріне жеткіземін дегенше бір тынбайтын, жанкешті мамандық иелерінің кәсіби мерекесінде осы жолы қайдан жел айдап келгені белгісіз, жайдарманшылар шақырылыпты. Жорналшы қауымды бір серпілткісі келген болу керек. Алайда айтар ой мен сөздің астарын ә дегеннен түсіне қоятын қалам ұстаған қауымды жайдарманның мәнсіз жырқылы күлдіре алмады, керісінше қынжылтты, тіпті намысын келтірді. Анығын айталық, жайдарманшылардың ырқыл-жырқыл бір көрінісінен ұққанымыз, журналист деген қоғамды бүлдіруші, тырнақ астынан кір іздеп жүретін, ниеті бұрыс мамандық иесі. Әркімнің қабылдауы әртүрлі ғой, бізге солай көрсеткендей болды. Елдің алдына бір мәселені көрсетпек үшін тіпті бір “әртіс” тауып, қалтасынан ақша беріп, елді жамандатудан тайынбайтын, маман иесі. Мына көріністі көріп, не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Мұның астарында не жатыр? Біздің түсінігімізше, жайдарманның да арқалар жауапкершілігі бар. Әдемі әзілмен қоғамға үлкен ой тастайтын, күліп отырып, күлдіре отырып, қоғамды түзетуге ықпал ететін астарлы әзіл емес пе олардыкі?! Олай болса, мұнысына не жорық?! Қалтасынан ақша беріп, қай журналист елге өтірік ақпарат таратыпты?! Нағыз кәсіби маман, журналист боламын деп армандаған, сол мамандықпен “ауырған”, әрбір сөзі, әрбір көтерген мәселесі үшін уақытпен санаспай, шаршамай-талмай ізденетін, елдің мәселесі шешімін тауып, біреуді қуанта алса, балаша қуанатын нағыз журналистердің мерекесінде жайдарманшылар кімнің рөлін сомдап көрсетті?! Шынтуайтына келгенде бүгінгі журналист қалтасынан біреуді жарылқайтындай жағдайға жеткен жоқ. Сөзі ірі болса да, табысы аз жорналшы қауымның өзін де төмендеткен жері жоқ, ел алдына шығып үй сұрағанын, тіпті қоғамға өз мәселесін көтергенін де көргеніміз жоқ. Керісінше үйсіздің баспаналы, жұмыссыздың жұмыспен қамтылуына қалам-қаруымен ықпал етіп келеді.
Сол ресми жиналыста журналистердің өлшеусіз еңбегін бағалап, белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның сөзін алға тартып “арқалағаны алтын, жегені жантақ” деп қалам ұстаған қауымға жылы лебізін аямаған аймақ басшысы Қ.Елеуұлының мерейімізді бір көтеріп тастаған әсерлі сөзінен кейін артынша жайдарманшылардың орынсыз әзілі бізді бей-жай қалдыра алмады.
Ел алдына шығып әзіл айту үшін де білім, ізденіс, мәдениет керек. Әйтпесе, күлдірем деп талай нәрсені бүлдірерміз.
P.S. Айтпақшы, журналистерге арзан күлкі сыйлауға бұларды ақша беріп кім шақырды екен?!

Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған