- Бəрін білгім келеді

Денсаулықты қорғайтын қарапайым қағидалар

“Бірінші байлық-денсаулық”, “Денсаулықты ақшаға сатып ала алмайсың” деген сөз баршамызға түсінікті болғанмен бұған “бұған бас ауырып, балтыр сыздамай” көбіміздің мән бере бермейтініміз рас. Дегенмен, кім-кімге де “ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген” абзал. Ал, ауырмаудың төте жолы – денсаулықты нығайтатын шараларды күнделікті дағдыға айналдыру болмақ. Мамандар кеңесіне жүгінсек, негізгі шаралар төмендегідей.
Бірінші қағидат: сәулелі сана-сезім
“Жағдайым күннен-күнге жақсарып келеді” дегенді өз емделушілеріне күнделікті жиі қайталауды ұсынған екен адамның өз-өзіне сенімділігінің күші жөнінде алғаш ғылыми тұжырым жасаған француз ғалымы, психолог Эмиль Коэ (1857-1926). Қазақтың “Жақсы сөз-жарым ырыс” дегені, қанағат, шүкіршілік ету қасиеті де осыған саяды. Сондықтан ой – санаңызды жаман оймен ластамай, сәулелі оймен жарық ету денсаулықты сақтаудың бір жолы екенін естен шығармаңыз.
Екінші қағидат: дұрыс тыныс алу
Кейде қобалжыған, ашуланған сәтте бір-бірімізге “Терең демал” деп кеңес беріп жататынымыз бар. Бұл дұрыс, өйткені дұрыс тыныс алу қан жүйесінің жұмысын жақсартып, ағзаны оттегімен қоректендіреді. Сондықтан тыныс алу жаттығуларын жасауды күнделікті дағдыға айналдырсаңыз жөн. Оның жөнін мамандар кеңесіне жүгініп, үйреніп алудың еш қиындығы жоқ. Мәселен, терең тыныс алу мен тыныс шығаруды көрсетілген ретпен орындасаңыз болады. 1 рет терең тыныстасаңыз, 4 рет деміңізді ішке тартыңыз, 2 рет демді сыртқа шығарыңыз.
Үшінші қағидат: дене жаттығуларын дағдыға айналдыру
Қан айналымын жақсарту, өкпе мен жүректің қызметін нығайту қабілетін күшейту, ағзаның төзімділігін арттыру, көңіл-күйді көтеру –күнделікті дағдыға айналдырған дене жаттығуларының пайдасы осыншалық орасан болмақ. Тек жаяу жүруден бастап жүгіру, велосипед тебу, жүзу сияқты пайдалы ермектің бірін таңдасаңыз болды.
Төртінші қағидат: дұрыс тамақтану
“Ас – адамның арқауы” дегендей, денсаулық жағдайымыздың ішкен-жегенімізбен тығыз байланысты екені ешкімге жаңалық емес. “Уақыт жоқ”, “Құнт жоқ” дегендей, мың сан сылтауды доғару керек. Бүгіннен бастаңыз.
Бесінші қағидат: күлкі – дәрумен
Күлкі көңіл-күйді көтеріп ғана қоймайды. Жүрек пен өкпеге жаттығу, ішек жұмысын жақсартып, басқа да ішкі органдарға массаж жасайды. Ағзаның қорғаныс қабілетін күшейтуге көмектеседі.
Алтыншы қағидат: уақытылы демалыс
Жұмысбастыларға қатаң ескертпе! Ой мен дене еңбегінен уақытылы демалыс ағзаның тез қартаюына кепіл. Демалыс уақытында ағзаға оттегі қажеттілігі азаяды. Бұл жүректің жүктемесін 30 пайызға дейін азайтады.
Жетінші қағидат: Денені тік ұстау
Мектеп партасында отырғаныңызда мұғалімнің “түзу отыр!” деген ескертпесін талай естіген шығарсыз. Жұмыс үстелінде отырғаныңызда мұғалімнің бағзы ескертпесін әсте естен шығармаңыз. Өйткені дұрыс отыру, денені дұрыс ұстау денсаулық үшін де маңызды. Мойынның сіресіп қалуы, арқаның құрысып қалуы сынды жағдай жұмыс қабілетін төмендетіп, көңіл-күйді де бұзады.
Сегізінші қағидат: қоршаған орта жайлылығы
Ұдайы шаршаңқылық жағдайға күн сәулесінің, таза ауаның жетіспеушілігі себеп болуы мүмкін. Жұмыс орнының жарық болуын қамтамасыз етіңіз. Терезені ашып, желдетіп тұрыңыз. Жұмыс кабинетінде өсімдіктер көбірек болса жақсы.
Тоғызыншы қағидат: сенім күші
Адам тек ет пен сүйектен жаратылған емес. Әрбір адам рух иесі. Бұл әлбетте, химиялық заттар, молекулалардан зор құбылыс. Ең бастысы, өмірге деген, өз-өзіңізге деген берік сенімнің болғаны. Сенімді адам ала алмайтын қамал жоқ.
Оныншы қағида: Махаббат күші
Әлемге, айналаңа махаббатпен қарау маңызды. Адамзат әлемінің діңгегі махаббат сіздің де өміріңіздің діңгегі.
Сүйе білген сүйікті бола алады.

Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған