- Рухани жаңғыру

«Қазақ бесікке ақ жаппайды»


Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған ұлтымыздың салт-дәстүрін бүгінде жаңғыртамыз деп кейде мәнісін түсінбей артық кетіп жататын тұсымыз да болатыны жасырын емес. Жас ұрпаққа қазақтың салт-дәстүрін ұғынықты тілмен жеткізе білген, жадыңа түйер ақыл-кеңесі мол Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабынан ұрпақ тәрбиесіне қатысты сәби дүниеге келген сәттен басталатын тәрбие жайы баяндалады.
Қазіргі кезде бесікті кім қалай әсемдеймін десе, өз еркі. Тіпті, алтынмен әспеттесе де әркімнің өз қалауы. Дегенмен, әсемдеймін деп артық кетпеу де керек. Зейнеп Ахметова өзінің кітабында қазақ бесікке ақ жаппағандығын айтады. Бұл оқырманымыз үшін есте ұстар кеңес болар деп кітаптан үзінді жариялап отырмыз…
«Бұрын қазақта кездеспеген тағы бір тосын көріністі айтуға тура келіп отыр. Ұмытпасам, «Хабар» арнасының «Ана мен бала» жобасынан бесікке салу рәсімін көрсетті. Оны жасы үлкен кісі атқарып жатты. Жөн дейік. Өзгені қайдам, өзім үшін күтпеген көрініс – бесік те аппақ, жабдықтары да түгел аппақ. Қазақ салтының жөнін біле бермейтін тәжірибесіз жастар осыны сол күйі қабылдап, кереметтей көруі мүмкін. Өйтпегенде ше, анау-мынау емес, «Хабар» арнасынан көрсетіп жатыр ғой. Дей тұрғанмен, танып көрсетпей ауып көрсетіп, дәстүрге қиянат жасалды. Неге десеңіз, қазақ бесікке ақ жаппайды, ол жаман ырым. Өйткені ақты қайтыс болған адамға жабады, арулап жуған соң ақ кебінге орайды. Тіпті әрбірден соң ақ түс сәбидің көзін қарықтырып, көру қуатын әлсіретеді. Кішкентай нәресте түгілі, ересек адамның өзі қыстың күні далаға шыға келгенде аппақ қарға бірден қарай алмай көзі жасаурайды. Ал енді бесікті де, жабдықтарын да түгел ақтан жасау қайдан шыққан білгірлік десем, «әлди, әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем» дегенді тура мағынасында ешбір ойланбай ала салған. Құдай-ау, бұл жерде түсті емес, бесіктің киелі екенін, пәктігін айтып тұр ғой!»…

Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған