- Бəрін білгім келеді

Әзірге ыстық…


Синоптиктер әзірге ыстық болатынына болжам жасауда. Ыстықтың да зиянын ескере отырып, оқырмандарымыз үшін мамандар кеңесін күнделікті жариялап отырғанды жөн көрдік. Қызылорда қалалық №3 емхана дәрігер-терапевті Гүлдана Жанғабылова күн сәулесінен, ыстықтан қорғануға мынадай кеңес береді:
Шіліңгір шілдеде күн көзінде көп жүру ағзамызға еәуір зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан денсаулығыңызды сақтап, күннен дұрыс қорғанудың жолдарын біле жүріңіз. Сағат түскі 12 мен кешкі 17 шамасындағы күн өте ыстық болады. Сол уақыт аралығында сыртқа шықпаған дұрыс. Сыртқа шығу қажет болса, өзіңізбен бірге газдалмаған сусын ала жүріңіз. Аптап ыстықта 3 литрге дейін су ішсеңіз артық болмайды. Ал сыра мен алкогольді сусындардан түбегейлі бас тартып, тәтті сусындарды да шектесеңіз артық емес. Шөлді көк шаймен, газы жоқ минералды сумен және қайнаған су араластырылған табиғи шырынмен басуға болады. Квас, лимон мен бал қосылған су да сергектік сыйлап, шөлді қандырады. Ыстық күндері сүт өнімдерінен жасалған айран, йогурт, ашытқы сияқты сусындар өте пайдалы. Аптап ыстықта дұрыс тамақтану өте маңызды. Мысалы ет пен майлы тағамдарды көкөністер мен сүт тағамдарына алмастырған абзал. Тамақты қатты тойып ішпеген жөн. Ыстық күндері таңертең асқа тәбет болмайды, сондықтан ағзаны қинап ас ішудің қажеті жоқ.
Спортпен айналысуды салқын уақытқа қалдырыңыз. Физикалық жаттығулар ағзаның құрғауына әкелуі мүмкін. Жазғы ыстық ағзаға салмақ түсіреді. Ауаның ыстық температурасынан тер көп бөлініп, жүрек тез қағады. Демалу жиілеп, ағза ылғалдан, дәрумендер мен минералды тұздардан арылады, әсіресе жүрек бұлшықеттеріне маңызды магний, натрийге тапшы болады. Әсіресе, жүрек-қан тамырларымен ауыратын адамдар сақтық шараларын естен шығармау керек. Гипертониялық аурулары, жүрегінің ишемиясы бар адамдарда жүрек ұстап қалу қаупі бар. Сондықтан мұндай адамдар дәрігермен тағайындалған дәрілерін уақытылы қабылдап, ыстық күнде ағзаға физикалық салмақ салмай, адам толы көлікте жүрмей, қан қысымын бақылап, тұзды тағамдарды көп пайдаланбау қажет.
Ыстықта бас киімнің, қолшатыр мен көзілдіріктің маңызы зор. Табиғи матадан тігілген ашық түсті киімдерді киген дұрыс. Күн өткен адамның дене терісі қызарып, құрғап, тер шығуы тоқтайды. Басы ауырып, жүрегі айниды. Есінен айрылып, бұлшықеттері тырысады. Сондықтан да ыстық өткенде немесе күн сәулесі соққысын алған жағдайда бірден медициналық жәрдем көмегін сұрау керек.

Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған