- Рухани жаңғыру

Сүлейлер сөзі – саф алтын

ЖАҢАБЕРГЕН ЖЫРАУ

Сырдың санаулы саңлақтарының ішінде үні аққу құстың әуезіне теңеліп, аты аңызға айналған Жаңаберген жырау 1886 жылы /кей деректерде 1883 делінген/ Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аманөткел ауылдық советіне қарасты «Бәйімбет ауылы» атанған Мырзас елдімекенінде дүниеге келген. Өрен жүйрік Еспембет, Молда Бәйім, Бәйімбет Кенжеғұл күйшіні дүниеге келтірген Мырзастың киелі топырағы Жаңабергенді де жөргегінде жыр бесігіне бөлеп, табиғатынан дарынды етті. Жыңғыл атын Мырзастан ерттеп мінген Жаңаберген кейін, дәрпі Сыр бойына тегіс жайылған «Жыр дүлдүлі» атанды. Жаңабергеннің өз әкесі Бітімбай арқалы ақын, ділмар шешен адам болған. Жаңабергенді қаршадайынан ауылдың ас-тойларынан қалдырмай ертіп жүрген әкесі баласын сөз өнеріне баулумен қатар болашағына жол ашты. Жасы 14-15 келгенде Жаңаберген әкесі Бітімбай жазған «Қарабек», «Наурызбай» қиссаларын екі-үш тәулікке табжылмай жырлайтын жырау дәрежесіне жетті. Заманында Жансүгір, Жиеней, Қосым жыраулар сияқты Жаңаберген де мақам-саз шығарған жырау-импровизатор.

ЖАҢАБЕРГЕННІҢ ЖЫР БАСТАУЫ

Құлақ салса маңайым,
Жыр бастайын ағайын.
Ықыласын қойса аға-інім,
Сөйлемей қалай қалайын.
Баурымды жазып барынша,
Ойқастатып ойнатып –
Жүйрік аттай шабайын.
Әкеміз жазған Бітімбай,
Орақ-Мамай, Қарабек
Қалауыңша тыңдасаң,
Бұрынға өткен батырдан,
Алдыңа айдап салайын.
Жүзден жүйрік атанып,
«Алты Әлімнің ішінде»
Қайтпап еді талайым.
Жүргенімде жыр жырлап,
Менменсінген нешеудің
Сүріндірдім талайын.
Ер азамат елде бар.
Үйрек пен аққу, дуадақ,
Қоғалы қамыс көлде бар.
Ел ішінде нелер жоқ?
Жыраумен қас болатын,
Неше алуан пенде бар.
Тыңдасаң мейірім қанатын,
Жастарың ғибрат алатын,
Құдіреті сөздің менде бар.
Орамал шаршы жабатын.
Сақина сырға салатын,
Құралай көзді жеңге бар.
Жырауың барын аямас,
Ықыласы үшін елімнің.
Осы бүгін сендерге,
Жырлағаным жөн болар.
Тіршілікте қызық қой,
Өлгеннен соң жігіттер
Жақсы мен жаман тең болар.
Жамандықтың белгісі,
Несібесінен кем болар.
Сөйтіп жүріп ақыры,
Көрінгенге жем болар.
Неғылайын көп айтып,
Зейін қойып, құлақ сал.
Сөзім шырын, тілім бал
Жырдан шашу шашамын,
Керегіңді теріп ал.

ЖАППАРБЕРДІ ЖЫРАУ
(1895-1936)

Жаппарберді жырау Арал ауданында дүниеге келген. Жаппарберді жастайынан өнерге бейім болып домбыра тартып, ауыл арасында ән, терме айтып «жырау» атанған. Ол ақын Нұртуған Кенжеғұлұлының Мырзастағы жыршылар мектебінде Жаңаберген, Жәмет, Дәріқұл сияқты жыраулармен бірге дәріс алған. Жаппарберді қайталанбас мақамымен жыр жырлаған. Бір кездерде қатарындағы жырауларға қарағанда Жаппарберді даусынан танбай таң атып, күн шыққанда бір қалыпты жырлаған тыңдаушыларын таңдандырған: жыраудың жыр қорында Нұртуған ақынның бірнеше қисса-дастандары және Қарасақал Ерімбеттің, Кердері Әбубәкір сияқты ақындардың өлең, толғаулары болған. Кейінгі өнерпаз ұрпақтар Жаппарбердінің асыл мұрасын қастерлеп, орындап келеді. Жаппарберді Тілеубердіұлы 41 жасында қайтыс болды. Бейіті Сексеуіл қыстағында.

КӘРІБОЗ жырау ӘЙІМБЕТОВ
(1892-1937)

Суырып салма ақын, жырау Кәрібоз Әйімбетов жастайынан өлең-жырға бейім болып өсуіне әкесі Әйімбеттің шеберлігі ықпал етсе керек. Кәрібоз – өзіне туыстас жырауларға қарағанда қисса-дастандарды көп білетін болған, әрі суырып-салма ақын, есімі Сыр мен Қырға, бір шеті Қарақалпақ еліне кеңінен тараған дара тұлға. Кәрібоз жырау 1936 жылы Жаңаберген Бітімбаев және Нартай Бекежановпен бірге ақын-жазушылардың республикалық ІІ слетіне қатысқан. Атышулы 1937 жылдың қызыл қырғынына Кәрібоз жырау да ілігіп кете барған. Жырлары содан сақталмай, жоғалып кеткен.

ДӘРІҒҰЛ жырау ӨМІРҚҰЛҰЛЫ
(1904-1957)

Дәріғұл жырау Қызылорда облысы, Арал ауданы, Райым болысы, Ақирек ауылсоветінде, қазіргі Қызылжар колхозынан 7 шақырымдай жердегі Құмбазар деген шағын ауылда дүниеге келді. Руы Жақайым, оның ішінде Көлімбет, оның Әйтімбеті /Құмбазарды «Көлімбет ауылы» деп те атайды/.
Әкесі Боранқұлұлы Өмірқұл шағын шаруа болып ұсталық, зергерлік кәсіппен айналысқан. Бәйімбет Нұртуған шайырдың туған бөлесі.

ҚЫЗЫЛБАЙ ЖҰБАТОВ
(1902-1983)

Бәйімбет Нұртуған шайырдың тірісінде көзін көріп, батасын алған жырау шәкірттерінің бірі –Жұбатұлы Қызылбай. 1902 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы Құланды ауылсоветіне қарасты Көкарал деген жерде дүниеге келген. Әкесі Жұбат айналасындағы басқа да ағайын-туыстары сияқты Көк теңіздің тамырын тартып, балықшылықты ата кәсібі еткен шаруа адам болған. Руы – Жақайым, оның Бәйімбеті. Жұбаттың балалары Мұқаш, Демеубайлардың ішінде өнерге жақыны Қызылбай екен. Ол бала күнінен бастап ертегі, қисса айтуға машықтанып өседі. Ел арқасында бозбала күндерінің өзінде Алпамыс, Қобыланды жырларын көбіректеу айтатындығының себебінен болса керек, жеңгелері Қызылбайды «Қараман» деп атап кетеді. Бір жылдары ел ішіне келген Соқыр жырау деген кісіге еріп жүріп, Көкарал, Ауан, Апайтөс, Діңгек, Қаражыңғыл, Елеуді аралатқан Қызылбай, Соқыр жыраудың бір қыс жырын тыңдап, жыраудан көптеген тәлім-тәрбие алып қалады. Кетерінде Соқыр жырау Қызылбайға батасын беріп кетеді. Өнерімен елдің алғысына ерте бөленген ол жасы 17-18 жетер-жетпесте бүкіл елге «Қызылбай жырау» атанады.

ЕРЖАН жырау ЕШІМОВ
(1909-1964)

Ержан Ешімов алпыстан астам қисса білген жырау. Олардың ішінде «Едіге», «Қарасай-Қази», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар батыр», «Көрұғлы», т.б. қиссалар бар.
1958 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан мамандар келіп, одан бірнеше қиссаларды таспаға жазып алған.

ТЕМІРБАЙ ҰЗАҚБАЙҰЛЫ
(1917-1986)
1917 жылы Қызылорда қаласы, Арал ауданы, Ұзынқайыр колхозында дүниеге келген. Жыр қорында Нұртуғанның «Қарасай-Қази», «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарға», «Алпамыс», «Қобыланды» сияқты жыр-дастандар болған. Оның орындауындағы «Қарасай-Қази» жырын 1970 жылы Д.Жұбатов дыбыс лентасына жазып алған.

ӘБІЛХАН МАХАНОВ
(1922-1991)

Ақын Әбілхан Маханов Қызылорда облысының Қазалы қаласынан екі шақырымдай жердегі Қорғанша деген жерде, Сырдарияның жағасында дүниеге келген. Әкесі Қойбасұлы Махан етікшілік кәсіппен айналысқан, кейін партия қызметтерінде болған. Руы – Қаракесек, шешесі Құлмұрат қызы Бибайша ескі дастан-жырларды көп білген көкірегі хат адам болса керек. Кейін Әбілханның жыр өнерімен әуестенуіне анасы көп ықпалын тигізеді. Әкесі Махан көп жылдар ауылсовет төрағасы қызметінде болды. Әкесінің жұмыс жағдайына байланысты Әбілханның үйіне жақсы адамдар көп келетін. Бұлар ескіше, жаңаша оқығандар, билер, сөзгерлер, жыраулар. Әбілхан бала күнінен Жаңаберген, Кәрібоз, Жәмет, Дәріғұл секілді саңлақ жырауларды өз құлағымен есітіп, көзімен көріп өсті.
Әкесі Маханның нағашысы Жансүгір жырау болса, өз нағашысы Сәуел жырау еді. Осындай кәтекі жыраулардың әсері болды ма, сол кезде Әбілхан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын жаттап, елге «бала жырау» атанды.
1929-1931 жылдары Қазалыдағы бастауыш татар мектебінен дәріс алды. Бұдан кейін әкесі Маханның қызмет жағдайына байланысты Бекбауыл, Бөген ауылдық жерлерінде тұрды.
1935-1936 жылдары Арал қаласындағы Б.Рысқұлов мектебінің 5-6 сыныптарында оқыды. Әбілханның өлең жазуға талпынысы осы кездерден басталады.
Оған бірден-бір себепші осы мектептің қазақ тілі пәнінің қарт мұғалімі Байтеков болатын. Ол кісі мектептен әдеби үйірме ашып, өлеңнің қыры мен сырын, ұйқас түрлерін, ішкі байланысы, өмірдегі алатын орнын түсіндіреді. Әбекеңнің жыр жаттап, өлең жазуға талаптануына осы үйірме үлкен әсерін тигізеді. Осы кезде аздап өлең жазып, «Ләйлі-Мәжнүн» қиссасын жаттайды.
1937-1941 жылдары Қазалы қаласындағы мал мамандарын даярлайтын техникумында оқыды. Сабақ орысша жүргендіктен қиял тербеп, өлең жазуына мүмкіндігі болмайды.
Әбілхан Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары жырларына қоса Твардовский, Есенин өлеңдерін мүдірмей жатқа оқитын сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі болған.
1942-1943 жылдары Совет Армиясының қатарына алынып, майдан шебінде болады. Елге ауыр жарақатпен оралған Әбілхан 1944-1956 жылдары Қазалы қаласындағы бір жылдық мал шаруашылық мамандарын даярлайтын мектепте оқытушылықтан мектеп басшылығына дейін көтеріледі.
1976 жылы еңбек демалысына шыққан ақын ендігі бар саналы өмірін Сыр бойының саңлақ шайырлары Балқы Базар, Омар, Тұрмағамбет, Нұртуған, Қарасақал Ерімбет секілді киелі шайырлардың нұсқалы сөздерінен өрілген тұнба жарларын жаттап, оның философиялық терең мағынасын түсініп, ұрпақ бойына сіңіруге жұмсады. Әбілхан ақын 1991 жылдың қараша айының 3 жұлдызында Арал ауданында дүние салды.

СОҢҒЫ ӨЛЕҢ

Өлшеулі аз күнгі өмірі адамзаттың,
Ол рас, ерте-кеш пе бір күн баттың.
Шеңгелі сұм ажалдың жетпей қалмас,
Үстінде отырсаң да гауһар тақтың.
Бұл жаһил талайлардан жыр боп қалған,
Асырып олардан мен не жазбақпын.
Өмірде мың жасаған Ұлықпан да,
Депті ғой тек есікті ашып-жаптым.
Жаһанның шешілмеген сан сырлары,
Түбіне жан жетпеген көп жұмбақтың.
Кешікпей кешерімді білдім анық,
Торына түскеннен соң бұл сырқаттың.
Жазмышқа болып душар қош айтысқан,
Басталсын енді сөзі біздің хаттың.
Адам боп келгеннен соң міндетің бар,
Жарауға қажетіне болашақтың.
Балалық ата-ананың қуанышы,
Шат жүрек, қамтері жоқ көңіл пәктің.
Жасыңнан тағылым алып үйренбесең,
Өмірге керегі жоқ құр қауақтың.
Жалғанның жазылмаған заңдары көп,
Түспейді асығы алшы аңқылдақтың.
Өтірік арзан өмір, жалған өмір,
Өлгенше құрбаны бол ақиқаттың.
Уақытыңды босқа өткізбей өнер білсең,
Тек сонда өз жолыңды өзің таптың.
«Қызыл тіл өнер алды» қолдан келсе,
Қызығын көрген артық тіл мен жақтың.
Халқына нұр сәулесі түсер болсын,
Өнермен өзің жаққан шамшырақтың.
Өскесін ақыл қонады деп ойлама,
Жас кезде неге үйренсең солай қаттың.
Иллалап көппен бірге жүрем деме,
Ертерек қамын ойла кім болмақтың.
Басыңа қонса бақыт қайырымды бол,
Көрмедім оралғанын тайған бақтың.
Өмірдің еш қызығы тең келмейді,
Жалындай қызуына жастық шақтың.
Пәк көңіл періштедей жарқын дәуір,
Ләззаты жылға татыр бір сағаттың.
Болады дәйім солай деп ойлама,
Мезгілі ұзақ емес қызойнақтың.
Аңғартпай алды-артыңды өте шығар,
Омыраулап шабысындай жүйрік аттың.
Сарқылған ніл дарияның сағасындай,
Таусылар келер кезі күш-қуаттың.
Әр жеміс маусымында пісіп толмақ,
Алданба әдетіне сұр бойдақтың.
Жар сүйсең өмірлікке өзіңе тең,
Қадірін білген артық махабаттың.
Қайратың сыйластықпен бірге жүрсін,
Зейілі терең болады әйел заттың.
Қызғаныш отын жақпа көңіліңе,
Сөзіне еріп жүріп бір дорақтың.
Ешқашан сынған көңіл жамалмайды,
Дәурені қайтып келмес көңіл шаттың.
Ит жылы дүниеге мен келіппін,
Үйінде қуаныш боп Махан қарттың.
Алынған топырағым Қазалыдан,
Руым Қаракесек Ұланақпын.
Мейірбан ата-ананың саясында,
Дәурені шат боп өткен бала шақтың.
Тарқатып жігіттіктің жәрмеңкесін,
Атадан он алтымда жетім қалыппын.
Кешегі ел басына күн туғанда,
Жауыма қарсы тұрып мылтық аттым.
Қайнаған қан майданнан қайтып елге,
Жазылмас зардабынан жарақаттың.
Басымнан аз күн өткен тіршілікте,
Ащыны тұщыменен егіз таттым.
Тал қармау, тар кезеңдер кездессе де,
Жанына жоламадым қиянаттың.
Жалғанның жарық дүние аспанында,
Шамамның келгенінше қанат қақтым.
Бұл адам саулық қадірін білмейді екен,
Ұшына ілінгенше қыл қармақтың.
Тағдырдың сұрапылы соққан күні,
Болғанда ажал дауыл, сен қаңбақсың.
Жасымда елу жеті кетіп барам,
Жазуы солай болып жаппар Һақтың.
Бір жан жоқ бар арманға жеттім деген,
Жаныма тек бір арман қатты баттың.
Жазбапты тағдыр маған амал қанша?
Көруге тай болғанын құлыншақтың.
Қайтейін тірі болса көреді де,
Дұғасы жәрдем болып ата-әруақтың.
Іште зар, арқамдағы жүгім ауыр,
Амалсыз көнбегенде не қылмақпын.
Бақұл бол бірге туған бауырларым,
Жаралған тамырынан тар құрсақтың.
Сипаңдар жан қозымның маңдайынан,
Ізі деп жалғыз қалған шаңырақтың.
Қош боп тұр ағайынды туыстарым,
Баршасы алыс-жақын жұрағаттың.
Арада талай жұмыс болған шығар,
Дәл қазір керегі не ақталмақтың.
Қош боп тұр қатар-құрбы, дос-жарандар,
Бөлісіп дәмін татқан бір табақтың.
Өткен күн қайта айналып келмеген соң,
Не керек құр терлеген сандырақтың.
Кешіңдер ақ жүректе қалмасын дат,
Оралмас ұзақ жолға сапарлаттым.
Қосағым қоштасайын қолыңды бер,
Кәусарын бөліп ішкен бал-бұлақтың.
Өзіңмен жиырма жылдай сүрдім дәурен,
Сайраңдап саясында алма бақтың.
Кіршіксіз кеулің таза, жаның адал,
Сақтаған қасиетін жар болмақтың.
Ойыңа зәуеғайым түсіріп жүр,
Есімін ерте кеткен мен бейбақтың.
Татаусыз тәрбиелеп қызығын көр,
Тұлпардан жастай қалған бір тұяқтың.
Қаракөз төрт періштем қалды және
Талықсып талқысында табиғаттың.
Беліңді бекем буып қатаймасаң,
Ауыры бір өзіңде бар салмақтың,
Қимасым одан әрі көп жазуға,
Көңілім бұзылып тұр, жетпес дәттім,
Өзіңді жастай сүйіп жар етіп ем,
Отына күйіп тұрмын әттең қаптың.
Шамшырақ мың күн жанған бір күн сөнер,
Менің де сол сияқты жетті уақытым.
Әбілхан «Қаракесек» Маханұлы,
Соңғы рет осылай деп қалам тарттым.

1978 ж.

САҒЫНДЫҚ ЕСМАҒАНБЕТОВ
(1926-1998)

Ақтөбе облысы, Шалқар елдімекенінде дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін жанұя жағдайымен Арал ауданына қоныс аударады. Мал шаруашылығы, балық шаруашылығы саласында еңбек еткен.
Жас кезінен жырға құмар болған Сағындық Есмағанбетов Сыр сүлейлерінің мұрасын насихаттауда аянбай еңбек етті. Соғыстан кейінгі жылдары халықтың еңсесін көтеру жолында рухани азық сыйлай білді.
Оның орындауындағы 5 сағаттық жырларды ұлы Серік үнтаспаға жазып алған.
Жыр қорында Нұртуғанның «Қарасай-Қази», «Едіге» дастандарымен қатар, «Тазша бала» дастаны және Сыр шайырларының жыр-термелері болған.
Жырау 1998 жылы 72 жасында Қызылорда қаласында дүниеден өтті.

БЕРЕКЕТ ОМАРОВ
(1932-1984)

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Райым колхозында дүниеге келген. Дәстүрлі саз өнерінің заңды жалғастырушысы. Ескіше ата-тегі Жақайым, оның ішінде Бердіғұл. Берекет көнекөз жыраулар Махамбеттің Әбілдасы, Дәріғұл, Жәметтерден дәріс алған өнегелі шәкірт және сол ақын-жыраулардың өнерін бүгінгі ұрпаққа жеткізуші. Ақын өзі де өлең жазумен әуестеніп, аудандық, облыстық ақындар айтысына қатысып, өнерін додаға салған. Шаршы топта жүзден жүйрік шыққан Берекетті халық «дүлдүл жырау» деп атаған. Ол Нұртуған ақынның жырларын алғаш рет күйтабаққа түсіріп, республика жұртшылығына танытты. Ақын 1984 жылы тамыз айында Қызылжар ауылында дүние салған.

ӨЗІМ ТУРАЛЫ ТЕРМЕ

Тым нәзік тал бойыма қарамастан,
Қолыма домбыра алдым бала жастан.
Ұстазым Кенжеғұлдың Нұртуғаны,
Ағайын кім бар еді мұнан асқан?
Осы бір ғұламаны ерте танып,
Үйрендім жалынды жыр, дана дастан.
Өлеңнен өзге достар сирек кетті,
Сүрінсем хал сұрауға жарамастан.
Жаны игі жақсыларға жанасуға,
Барымды бірге салдым санамастан.
Бұл өзі сөйтіп еді деген жан жоқ,
Қайықтан құлатуға араласқан.
Еркелеп ағайынға еркін жүрдім,
Бір пенде түсінбейді қара басқан.
Сол кезде ән мен өлең мұңдастарым,
Көңілді тазартсын деп тозаң басқан.
О, шүкір! Өзім деген досым да көп,
Ойласып тағдырымды алаңдасқан.
Кейде бір кей суайтқа түңілемін,
Таласып тұғырыма жалаңдасқан.
Кесегін қолтығына жасырып ап,
Бетіме күлмең қағып амандасқан.
Түлкінің қарсағындай майысып ап,
Алмаса сұрағанын жамандасқан.
Біреуге қуаныш пен қайғы келсе,
Аяған жерім бар ма адал достан.
Ең жақын жанашырым өлең болды,
Өткенде небір зауал мына бастан.
Ендігі сүйенерім, інілерім,
Ағасын аялайды сынамастан.
«Бәке» деп көрген жерде сыйлап тұрса,
Бақытым бола қоймас мұнан асқан.
«Сүйте ғой, шырақтарым!» дегенімде,
Тік тұрып лебізіме құлақ асқан.
Есі бар жеткіншегім есіңде ұста,
Ағаңмын өнер сүйген бала жастан.
Сендердің арқаларың әнге шырқап,
Тұрғаным биік жарда құламастан.
Жап-жасыл жапырақтай маусымдағы,
Жайыла тарап тұрған бір ағаштан.
Елудің белесіне шықтым міне,
Толысып ауыл тосып кем алуанды.
Алатау асуларына қанат қағып,
Болыппын бір өлшеуші Аралдағы,
Татымды ер мінезін көп байқадым,
Палуандай алтайыны сонардағы.
Мен жүрмін ән мен елді қуантсам деп,
Ағаңның бұл күндегі сол арманы.
Өрлеймін, өрлетеді нұрлы заман,
Жазира, жаз мінезді жұртым аман.
Қолына қалам алдым шабыт тасып,
Жүрегі жырлап тұрған жыршы балаң.
Бақытты дәуір берген баршамызға,
Данышпан компартия ұлы данам.
Тыңдасын Берекеттің дархан дауысын,
Шалқыған шөлдария теңіз, туған далам!

ХАМЗА жырау ТОҚМАНБЕТОВ
(1928-1989)

Хамза Тоқманбетов 1928 жылы туған. Мектепте оқып жүрген кезінен бастап көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, ән, жыр, терме айтуға әуестенеді, жиын-тойларда өнер көрсетіп, тыңдаушылардың алғысына бөленеді. Хамза Тоқманбетов балық өнеркәсібінде еңбек етсе де, жыраулық өнердің насихаттаушысы болды. Оның жыр қоры сан алуан. Атақты Жаңаберген, Сары жырау, Жаппарберді жыраулардың өнерін жалғастырушы. Ол белгілі Сыр сүлейлері Кете Жүсіптің, Тұрмағамбеттің, Шораяқтың Омарының, Қарасақал Ерімбеттің шығармаларын көптеп білетін және нақышына келтіре орындайтын. Х.Тоқманбетов бірнеше рет облыстық, аудандық жыраулық сайысына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. 1989 жылы дүниеден озды.

ҮМБЕТӘЛІ САПАРОВ
(1910-1989)

Дәстүрлі жыраулардың соңы болып есептелетін Үмбетәлі жырау Сапаров Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты Жаңақұрылыс колхозының Беларық бөлімшесінде дүниеге келген. Әкесі Сапар елге қадірлі, дәулетті, би адам болыпты.
1938 жылғы бай мен молданы қудалау кезеңінде қашып жүріп Қошқарсойғанда дүние салады. Сапардың Махамбетәлі, Үмбетәлі, Баршын атты үш баласының домбыра ұстап, жырау атанғаны Үмбетәлі еді. Үмбетәлі жасында шынжаулау болып өседі. Жасы 14-15 келгенде әкесіне: «Мен Нұртуғанға барамын!» – дейді. Әкесі баласы Үмбетәлінің астына мөлдей қара ат мінгізіп: «Өлеңін үйретсе Нұрекеңе мінгізіп кет!» – дейді.
Сөйтіп Үмбетәлі Нұртуғанның өзінен тікелей өлеңін үйренеді. Үмбетәлі Нұртуғанның «Едіге», «Қарасай Қази», «Орақ Мамай» жырларын жатқа айтатын. Дауысы құлаққа жағымды, сазды сөз ыңғайына қарай жиі құбылтып отыратын. Кейбір тұстарында тыңдаушысын селк еткізетіндей ащы айқайы да болатын.
Үмбетәлі 1941 жылы соғысқа алынып, 152 атқыштар полкінде 6 ай болып елге ауыр жарақат алып оралады.
1939 жылы Алматыға дауысын жаздыруға шақырады. Бірақ тіршіліктен қолы босамаған Үмбетәлі барудың ретін таба алмайды. Үмбетәлі Нұртуғанға барған сапарында Кәрібоз, Дәріғұл, Жәмет жыраулармен танысып қайтады. Кейін жиын-тойларда кездесіп, олардың саз-мақамдарын үйренеді. Кейіннен өзі Арал-Қазалы, Шалқар, Ырғызға дейін аралап, жыр-жырлап «жезтаңдай жүйрік жырау» атанады. Үмбетәлі Сапаровтың шәкірті белгілі ақын, сазгер, жыршы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Сыдықов.

ӘБДІҚҰЛ ӘБИҰЛЫ
(1901-1989)

Сыр саздары, оның ішінде Мырзастағы дәстүрлі жыр мектептерінің мақам-саздарының білгірі болған Әбиұлы Әбдіқұл жырау – Сыр өлкесі, Арал ауданы, Құланды ауылсоветіне қарасты Сарыкөл қыстағы /«Наурыз жері» деп аталады/, Талпақтың ащы құдығы деген жерде дүниеге келген.
Әкесі Әби елге беделді молда болған. Сонымен қатар, халық шайырлары Еспембет, Әбубәкір, Ашубайлардың өлең-жырларының бірден-бір білгірі болған деседі. Әби 1973 жылы 72 жасында қайтыс болады. Руы Наурыз, оның Медеті. Әбдіқұлдың нағашысы Ақбасты, Ауанды жайлаған. Торжымбайдың Талпағы. Әбдіқұлдың алғашқы ұстазы әкесі Әби. Әбдіқұл жасы 11-12 келгенде қолына домбыра алып, өлең айтып, қайда сауық-сайраны бар жерлерді аралай бастайды. Бертін келе Нұртуған ақын жазған «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» жырларын елге насихаттап, дүбірлі жердің гүліне айналды. Жырау өмірінше Арал ауданы Ақбасты елдімекеніне қоныс тепкен. Тек 1985 жылы Жалағаш ауданы Калинин атындағы совхозға көшіп келіп, 1989 жылы тамыз айының бесінші жұлдызында сол Калинин совхозында ұзаққа созылған науқастан қайтыс болады. Балаларының ішінде Еркебай мен Ұлжан ата жолын ұстаған, термешілік өнерлері бар. Жыраудың соңында кезінде Ақбасты елдімекенінің киномеханигі Нұрлыбай Жандосұлының дыбыс таспасына түсіріп алып қалған 2-3 термесінен басқа дыбысы немесе басқадай мұрасы сақталмаған.

БЕКБОСЫН ҚАЙРАҚБАЕВ
(1916-1991)

Арал ауданының Сазды елдімекенінде туған. Еңбек жолын ауылшаруашылығында бастады. Ол жастайынан жыр-терме айтумен әуестенеді. Оның репертуары магнитофон таспасына жазылып, радио арқылы орындалып келеді. Бекбосын Сыр бойы саңлақтарының, оның ішінде атақты Жаппарберді жыраудың мақамдарын жете игере орындайтын жыршы. Көптеген қиссаларды және Арал өңірі ақындарының өлеңдерін жатқа біледі. Оның орындауындағы «Қарасай-Қази», «Едіге» сияқты эпостық дастандарды тыңдаушылар құмарта тыңдайды. Ол аудандық, облыстық жыраулар сайысының жеңімпазы атанды.

ШАМЫРАН АЛДАНҰЛЫ
(1930-1971)

Арал ауданы, Жаңақұрылыс елдімекенінде дүниеге келген деседі. Ш.Алданұлы тағдырдың тауқыметін тарта жүріп, бала кезден домбыраға әуес болып өскен. Тек қана әуес болып қана қоймай, Нұртуған бабамыздың төрт қиссасы «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Көрұғлы», «Едіге» дастандарын жеті-сегіз жасында жаттап алып, той-томалақта, елді-елді аралап үш күн, үш түн талмай жырлайды екен. Осылайша үлкендер оны «бала жырау» атандырып, Арал, Қазалы төңірегінде бала кезден танымал болыпты. Шамыран жырау 1971 жылы қыркүйек айының 27 жұлдызында қырық бір жасында дүниеден озған.

ЖАҚСАН ТӘҢІРБЕРГЕНОВ
(1932-2015)

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шижаға ауылында дүниеге келген. Жастайынан жыр жырлап, ақын-жыраулар ортасында өскен.
Ол жыршылықты атақты Бітімбай жыраудың баласы Сахитжаннан үйренген. Жақсан жыр-дастандарды таңнан-таңға асырып жырлайтын жыршы, оның жыр қорын негізінен Арал-Қазалы өңір ақын-жырауларының шығармалары құрайды. Өзінің үйренген «Едіге», «Қарасай Қази», т.б. жыр-дастандарын балалары Бекұзақ, Айбек, Болатбектерге үйретіп, Бекұзақтың ақын-жырау болуына көп септігін тигізді.
2015 жылы тамыз айында дүние салды.

ЖАҚСАННЫҢ ТЕРМЕСІ

Өлең айтсаң ән салып,
Халқың бір ұйып тыңдасын.
Төрелік келсе алдыңа,
Өлсең де айт турасын.
Жолдас болсаң жақсымен,
Теңгер мыңға бір басын.
Жалтарып кетпе сәл жерде,
Жұмысың бітіп тынғасын.
Қайта келмейді орнына,
Алмас та қылыш сынғасын.
Жолдас болсаң жаманмен,
Ашылмайды даудан бір басың,
Ата-ана деген ұлықты,
Өлгеніңше сыйларсың.
Жаман деме жарыңды,
Құдай жұпты қылғасын.
Сүйгені сұлу әркімнің,
Ырысы содан жанғасын.
Дес те бермейді кей жаман,
Шайға бір терлеп қанғасын.
Үйде отырып шалқиды,
Теңгеріп көпке бір басын.
Қомпиғанменен не пайда?
Көре алмайды бірақ қыр басын.
Кедейлерді кемітпе,
Теңгерер бір күн ат басын.
Байлық пен бақыт бұлтты,
Тарқамай ма күн жауғасын?
Талайлар өтті жалғаннан,
Мезгілді күні толғасын.
Не алып кетті өңгеріп?
Ақылың болса ойларсың.
Тіршілікте шалқып қал,
Кейінгіге сөз қалсын.

ҚУАТ ШАЛАБАЕВ
(1933-1993)

Жаңақұрылыс елдімекенінде дүниеге келген Қуат Шалабаев жастайынан домбыра тартып, ән айтумен әуестеніп, бертін келе жыр-терме айтып таныла бастады.
1960-1970 жылдары аудандық көркемөнерпаздар байқауларында жүлделі орындарға ие болды.
Қуат жырау атақты шайырлар Кердері Әбубәкірдің «Жұмбақ айтысы», «Насихат», Қарасақал Ерімбеттің «Ашпас», «Қырық кеп», Нұртуғанның «Бір мысал», «Едіге», «Қарасай Қази», Нұрмағанбеттің «Ахметуллаға хат», «Ер тарықпай толықпас» және басқа да өлеңдері мен дастандарын, айтыстарын орындады. Ол әншілік мақамдарды Сыр бойының атақты жыршы-термешілерінен үйреніп, өзіндік үнімен тыңдаушыларын баурап алды.

МҰРАТ СЫДЫҚОВ

Арал ауданы, Қарашалаң елдімекенінде дүниеге келген (01.07.1941). Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Қазанғап атындағы Арал аудандық Мәдениет үйіндегі халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі ретінде Мәскеудегі халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде өнер көрсетті (1974 жыл).
Белгілі Сыр сүлейі Үмбетәлі Сапаровтың шәкірті. Сыдықовтар жанұялық ансамблін құрып (1980 ж.), отбасылық ансамбльдердің республикалық байқауында І орын иеленіп (1987 ж.), Мәскеуде өткен І халықаралық фольклорлық өнер фестиваліне қатысып лауреат атанған (1988 ж.). «Домбыра жүрек жырлайды» атты таңдамалылар жинағы жарық көрген (2009 ж.). Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Облыстық «Елім менің» шығармашылық конкурсының ән номинациясына өз шығармашылығынан «Астана» әнін, күй номинациясына «Қазақстан» күйін ұсынды. «Балықшы қыз» әні жинаққа беріліп отыр.

БАЛЫҚШЫ ҚЫЗ
Сөзі мен әнін жазған М.Сыдықов

Теңіздің асау айдынына
Балықшы торын төгеді.
Жанасып толқын қайығына,
Сағынып қолын өбеді.

Қайырмасы:

Көк теңіз күмбірлеп сырласқанда,
Маржандар шашады нұрлы аспанға.
Балықшы күлімдеп шаттанады,
Кеудесі толғандай жыр-дастанға.

Тербейді бір сәт толқын бесік,
Балықшы қызды әлдилеп.
Шырқайды сұлу ескек есіп,
Теңізбен бірге би билеп.

Қайырмасы.

Қаймықпай қарсы көк дауылға,
Шалқыды асқақ шат жұмыс.
Балықшы қыз да қайтты ауылға,
Қайығы толы ақ күміс.

ӨСЕРБАЙ СӘРСЕНБАЙҰЛЫ

1949 жылы Арал ауданының Мойнақ елдімекенінде дүниеге келген.
Өсербай жас кезінен (5-6 жастан бастап) домбыраға, ән-жырға әуес болып өседі. Белгілі Наурызбек жырау үйіне келіп, кішкентайында аузына түкіріп: «Болашақ осы баладан жырау шығады» – деген екен…
Өсербай жыраудың айтуына қарағанда өнерге жақын болғанымен қатар спортпен айналысқан. Алдымен бокспен, кейіннен волейболмен айналысқан. Қарақалпақ мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. Хожелі қаласындағы орта мектепке жолдамамен келіп, 1972 жылға дейін қызмет атқарады.
Түсіне Наурызбек жырау еніп, жұмысты тастап, бірыңғай жыршылық-жыраулық өнерге көңіл бөледі. Наурызбек жырау түсіне кіргенін жырау Өсербай былай айтады: «Қолындағы домбырасын маған беріп, батасын берді, қасыма отырды да: «Жырлай бер!» – деді, мен жырлап жатырмын. Оянсам түсім екен, сол күннен бастап жыршылық-жыраулық өмірмен ауырдым, шынымен осы ауру дендеп, Хожеліден Қоңыратқа барып, Наурызбек ағама жолықтым. Сол күннен бастап соңына еріп, жыраулыққа ден қойған Өсербай «Жырау Өсербай» болып шыға келді».
Наурызбек жырау 1994 жылы 29 қарашада Шемолғанда қайтыс болды. Дүниеден өтерінен үш күн бұрын маған жыр мұрасын аманаттап кеткен еді…

Жырауы алты Алаштың Өсербайы,
Белгілі денсаулығы, халы-жайы.
Бір Алла, Наурызбекке сыйынамын,
Шығады алуан түрлі сөз шырайы.
Қысылсам әулием бар «Бес бақсыдай»,
Аурудың қайтар деймін тез райы.
Аламан бәйгелерде шауып жүрген,
Көтібар Наурызбектің құнан-тайы.
Жарымнан үш балам бар Құдай берген,
Шүкірлік, білсін деймін біздің жайды.
Тектері Қарамашақ, Төртқарамын,
Осылай жырауыңның бар жағдайы.

Облысаралық жыраулар жарысының жүлдегері, республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Алты Алаштың Өсербайы» қазір Ақтау қаласында тұрады.

Суретте Өсербай жырау Сыр бойы тыңдармандарымен бірге

Өсербай жырау өнерпаздар ортасында (оң жақтан бірінші).

ОЙНАРОВА НАБАТ

Набат Ойнарова 1947 жылдың 13 наурызында Арал ауданы, Құмбазар елдімекенінде (бұрынғы Ақирек ауылдық Кеңесінде) туған. Әкесі Тілеужан Айдаулетов ауыл мұғалімі, домбыра тартып, ән, жыр жырлап, көпшіліктің көңілін көтеретін өнерлі адам болған. Осындай әке тәрбиесі Набаттың өнерге келуіне себепші болған деседі. Ол 1966 жылы Қазалы ауылшаруашылығы техникумын бітірген. Жас кезінен-ақ көркемөнерпаздар үйірмелеріне қатысып, өнер жолына түскен. Әншілік-термешілік өнер жетілдіру мақсатында Алматыдағы эстарада студиясы жанындағы Ғ.Құрманғалиевтың жыршы-термешілер класын оқып бітірген. Республикалық «Гүлдер» эстрадалық ансамблі құрамында жүріп, халықтық терме-жырларды Орта Азия және Қазақстанның Орталық теледидары арқылы насихаттауда айтарлықтай табыстарға жетті. Әсіресе, ол Сыр сүлейлері Балқы Базар, Нұртуған, Нұрмағанбеттің терме-толғауларын сонау шалғайдағы Германия, Финляндия, Швеция сахналарында да шарықтата шырқаған. Ол Нұртуған мұрасын насихаттаушы, жалғастырушы.

ТЕМІРХАН ЕРҒАЛИЕВ
(1952-1980)

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақшатау елдімекенінде дүниеге келген. Алматыдағы эстрада-цирк училищесінде оқып, қазақтың біртуар талантты әншісі Ғарифолла Құрманғалиевтен дәріс алады. Ол Батыс Қазақстан өңіріндегі әйгілі Мұхит төренің әншілік мектебі мен Сыр бойы Арал өңіріндегі жыршылық мақам-саздарға өзіндік өрнек үстеген өнерпаз. Алматыдан келген соң Қызылорда мемлекеттік филармониясында, Сырдария аудандық мәдениет үйінде қызмет атқарған. Әншінің дауысы тұңғыш рет «Сыр сүлейін сұрасаң…» атты музыкалық антологияда жарияланды. Облыстық телерадиокомпаниясының «алтын қорында» оның орындауындағы халық әндері «Дариға», «Балжан», «Бағила», ұстазы Ғ.Құрманғалиевтың репертуарындағы он шақты әндер мен термелер жазылып сақтаулы.

СҰРАҒАН МЫРЗАЕВ
(1957-1993)

Дәстүрлі орындаушылық өнерде өзінің аса жоғары деңгейдегі шеберлігі, жалпыға бірдей жағымды үні, сөз қорының сарқылмас сан алуандығымен тыңдаушысын тәнті етіп жүрген жыршылардың бірі Сұраған Мырзаев – Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аралқұм станциясында дүниеге келген. Жыршының ескіше ата-тегі кіші жүздің Жетіруына кіретін Кердері аталығы. Сұраған жастайынан Сыр бойының термелерін, оның ішінде Арал өңіріндегі Бәйімбет Нұртуған, Нұрмағамбет шайырлардың жақұт жырларын айтумен машықтанды. Сұрағанның алғашқы ұстаздары болып саналатын әнші Қиян Ибраев, күйшілер Қаппар Жармағамбетов, Ақжол Кереевтер жыршының топқа төселіп, жолға түсуіне үлкен ықпал етті.

АҚАЛТЫН ТӘҢІРБЕРГЕНОВА

Ақалтын Тәңірбергенова 1957 жылы наурыз айының 24 жұлдызында дүниеге келген. Бұрынғы Арал кеңшарына қарасты Дөңгелек сор бөлімшесі туған жері, ата-бабасының мекені.
1964 жылы №57 Октябрь ауылдық мектебіне барып, мектепті ойдағыдай бітірді.
1975-1976 жылдар Арал аудандық Мәдениет үйінде жұмыс жасады. Облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері.

РЫСБЕК ӘШІМОВ
(1955-2013)

Рысбек Әшімовке жыршылық, шешендік өнер нағашылары Дәріғұл, Жаңаберген, аталас жыраулар Жаппарберді, Үмбетәлі, бөлесі Нұртуған ақыннан дарыған. Ауданда Нұртуған ақын атындағы жыраулар мектебін ашып, 40-тан аса шәкірттер тәрбиеледі. Ол Нұртуған шайыр қалыптастырған Мырзастағы жыраулар мектебінің бірден-бір жалғастырушысы, ширек ғасырдан бері Арал төңірегінің ақын-жырауларының терме-толғауларын, әндерін насихаттаушы. Рысбектің дауысы Қазақ радиосының «Алтын қорына» 1986 жылы жазылды. Мәскеу фестивалінің дипломанты.
1988 жылы Ленинград қаласында өткен этнографиялық, 1990 жылы Киев қаласында өткен ІІ халықаралық фольклорлық фестивальдердің лауреаты.
1991 жылы БҰҰ жанындағы ЮНЕСКО-ның шешімімен жыраудың дауысы «Алтын табаққа» жазылды. 1992-1995 жылдар аралығында Санк-Петербург, Алматы, Саха елдерінде өткен Дүниежүзі халықтарының этно-фольклорлық өнерін зерттеуге арналған Лорд конференциясына қатысып, Сыр сүлейлерінің жыр-дастан, қиссаларын ойнақы, толқынды мақамымен тыңдаушыларын таң қалдырды. Оның дауысы жазылған таспалар арқылы және Нұртуған жыраулар мектебі жайлы мәлімет пен деректерден қазіргі таңда АҚШ, Франция, Голландия, Жапония, Швеция т.б. елдердің жоғары оқу орындарында Санкт-Петербургтық профессор Изоли Земцовский, фольклорист-ғалым Алма Құнанбаевалар қазақ елінің фольклорлық-этнографиялық өнері жайлы дәрістер, лекциялар оқуда. Токия университетінің профессоры, дүниежүзі фольклорлық өнерін зерттеуші ғалым минору Моритоның «СССР халықтарының фольклор өнері» атты үш лазерлік дискісінің «Қазақ фольклор өнерінің жұлдыздары» атты антологиясының алтын табағына 1986 жылы дауысы жазылды.
1997 жылы «Ұлы дала музыкасы» атты дәстүрлі музыканың халықаралық фестиваліне, «Дала илиадасы» Түркі, монғол халықтарының эпосы конкурсына қатысып, ЮНЕСКО-ның Алтын медаліне ие болды.
1996-1998 жылдары өткен облыс мәдениеті мен өнері күндерінің бағдарламасы бойынша салтанатты концерт, «Қорқыт. Қобыз. Қызылорда.» қойылымы (Алматы, Астана қалаларында), «Қорқыт және түркі әлемі» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының концерттік бағдарламаларында өнер көрсетті.
Жыраудың жыр-дастандары 2001, 2003, 2004 жылдары «Қазақстан» ұлттық телеарнасы қорына «Ауылдың алтыауызы», «Сыр сүлейлері» атты бағдарламасына арнайы жазылып алынды.
Қызылорда облысында өткізілген Түркі елдерінің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фестиваліне қатысып жүлдегер атанды. Алматы, Астана, Орынбор, Қарағанды қалаларында Қызылорда күндері «Жыр керуені, Жыр күмбезі» бағдарламаларына қатысты.
Рысбек Әшімов 2013 жылы желтоқсан айының 25 жұлдызында дүниеден өтті.

Нартай Бекежановтың 100 жылдығы. Жырау Рысбек Әшімов пен Ақмарал Ноғайбаева. 1990 жыл.

БЕКҰЗАҚ ТӘҢІРБЕРГЕНОВ
(1958-2002)

Бекұзақ Тәңірбергенов 1958 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Тумысынан дарынды ақындық пен жыршылық өнерді қатар ұстаған талантты, өнерлі жан болған. Бекұзақтың алғашқы ұстазы өз әкесі Жақсан. Бекұзақ айтыс өнерінің үздік өкілдерінің бірі. 1985 жылы облыстық айтысқа, 1988 жылы Алматыда өткен телеайтыстарға қатысып, халық алдында «ақын» деген ардақты атқа лайықты екендігін көрсетті. Ол Сыр бойындағы ежелгі дәстүрлі айтыс өнерінің үлкен үміт күттіретін өкілдерінің бірінен саналатын еді. Сонымен қатар, халықтың сүйіп тыңдайтын әндеріне айналған «Асубұлақ аруы», «Шолпаным» сияқты айшықты әндердің авторы, композитор. Бекұзақ – кезінде ақын Әбілхан Махановтың аса назар аударып, талантына ден қойған бірегей шәкірті. Саусағына қыдыр дарыған Қаппардай күйшілердің батасын алып, алғысы мен ықыласына бөленген ақын-жыршы.

АРАЛ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

Оттысын ұрпағының қалар елі,
Өсірген жырмен тербеп далам мені.
Шығамын сеніміңнен туған елім,
Шамамша жұлдызың боп жанам енді.
Әму, Сыр домбыраның ішегі болса,
Аралым күмбір қаққан шанақ еді.
Домбыра омырылса сағасынан,
Ойлаңдар онда не мән қалар еді.
Сірә да ондай сұмдық болмасын деп,
Шырқырап жүрген мен балаң едім.
Аралдың ақиығы дүр атанған,
Нұртуған мына менің бабам еді.
Не керек әңгіме етіп болмашыны,
Аралдың үкілеген жорғасымын.
Нұртуған, Нұрмағанбет, Жаңаберген,
Белгілі шайырлардың жалғасымын.
Аралмын, дүйім жұртқа толғаныспын,
Ретсіз куәсімін болған істің.
Кезінде теңіз едім шалқып жатқан,
Дәл қазір мен жаралы жолбарыспын.
Ойымнан туған жерім бір кеткен жоқ,
Ақ туын адалдықтың кірлеткем жоқ.
Аралдың табанынан су кеткенмен,
Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ.
Біздерге бұрынғыдан сөз қап келген,
Жалықпай мен сол сөзді қозғап келем.
Аралдың басындағы мұңын айтқан,
Перзенті сол Аралдың Бекұзақ деген.

БЕКҰЗАҚҚА АРНАУ

Өр ақын жасуы жоқ, тасу барда,
Самғамай биіктерге басылар ма?
Тоқсан сөздің тобықтай түйінімен,
Қанат қағып барады ғасырларға!
Қандырып тыңдаушының шөл құмарын,
Тарпаңды тамсандырған жыр-бұлағың.
Додалы топқа түсер тұлпар таппай,
Сағынып сені іздедім, Бекұзағым!
Мәстектер бәйге алам деп қызыл танау,
Көрдің бе, мұндай сұмдық қыраным-ау.
Шымшықтар бұлбұлмын деп ән салып жүр,
Шошынған ағаң жаны қырық жамау…
Нұртуғандай бабаның жұрағаты,
Қажытты ма тағдырдың бұралаңы?
Аралдың айдынынан ұштың ерте,
Сыңарың кеттің бе іздеп Сұрағанды?!
Өнердің бір шынары құлағанда,
Өкінішті мұң басып бұл ағаңды.
Күңірентіп «Көкіл» күйін тарта бердім,
Қосылып қайран өнер жылаған-ды…
Жалғасың жыр төккенде Ұлықбегің,
Жылынып сала берді-ау суық лебім.
Тіпә! Тіпә! Тәуелсіз туған елім,
Осындай ұлдарымен ұлық дедім!
Осындай ұлдарымен ұлық елім,
Сені де тай кезіңнен танып едім.
Жаңагүл, Гүлмираң һәм Ұлықбекпен,
Кеңейіп бара жатыр жарық күнің!

Мұрат СЫДЫҚОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері, композитор

ДЕМЕУБАЙ ЖОЛЫМБЕТОВ

Демеубай Жолымбетов 1958 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақбасты елдімекенінде дүниеге келген.
1981-1997 жылдар аралығында Ақбасты ауылдық клубының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ол – Сыр елінің жыраулық өнерін насихаттауда өзіндік үлесі бар бірден-бір өнер иесі.
1996 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында Ж.Жабаевтың 150 жылдығына арналған облыстық жыраулар конкурсының Бас жүлдегері, сондай-ақ 1997 жылы Тараз қаласында өткен Манас жырының 1000 жылдығына арналған республикалық жыршылар сайысында, 1999 жылы Астана қаласында өткен «Халық қазынасы үшінші мыңжылдықта» атты Алпамыс батыр жырының 1000 жылдығына арналған Халықаралық жыраулар фестивалінде лауреат атанса, Ақтөбе қаласында өткен Көтібар батырдың асында ұйымдастырылған байқауда І орынды жеңіп алды. Жырау 2001 жылы Қызылорда қаласында өткен республикалық І Ғасырлар үні жыраулар конкурсының Бас жүлдегері. Оның жыр қорында Наурызбек, Қарасақал Ерімбет, Абай Құнанбаев, Т.Ізтілеуов шығармалары бар.

ӘЛІБЕК ШЫНЖАНОВ

Әлібек Шынжанов 1970 жылдың 27 тамызында Қызылорда облысы, Арал ауданы, бұрынғы Октябрь ауылдық округында дүниеге келген.
1977-1987 жылы №57 орта мектептен білім алған. Белгілі жыршы Сұраған Мырзаевтан жыр-терме үйренді. Мектеп қабырғасынан аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иемденді. Жыр қорында Нұрмағанбет Қосжанұлының «Сартай» дастаны, А.Тәңірбергеновтың «Қира ат» дастандарымен бірге Сыр бойындағы ақын-жыраулардың терме-толғаулары бар. Қазіргі таңда Арал ауданы, Шижаға ауылында кіші мал дәрігері болып жұмыс атқарады.

БЕРІК ЖҮСІПОВ

Берік Жүсіпов 1970 жылдың наурыз айының 7 жұлдызында Арал ауданы, Ақбасты ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Жалағаш кентіндегі орта мектепті бітірген.
Фольклортанушы, жыршы, педагог, филология ғылымдарының кандидаты (1999 ж.), доцент. Алматы Мемлекеттік консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген (1995 ж.). Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде ұстаздық қызмет атқарған.
2003 жылға дейін Қазақ ұлттық консерваториясында халық әні кафедрасының меңгерушісі, 2003-2004 жылы «Жетісу» акционерлік қоғамында менеджер, 2004 жылдан Нұр-Мүбәрак Египет-Ислам мәдениеті университетінің докторанты, 2005 жылдан Алматыдағы «Тайқазантехносервис» мекемесінде менеджер қызметтерін атқарған.
Алғашқы «Жыр күмбезі» атты күйтабағы 1990 жылы жарық көрді. «Мырзатастағы жыр мектебі» атты анықтамалық зерттеу кітабы 1991 жылы шықты. Ол сонымен қатар республикаға ғана емес, шетелге де өзінің орындаушылық өнерімен танымал. Қазақтың күй, жыр өнерін насихаттаушы. Оның орындауында Сыр бойының көне жыр мақам үлгілері лазерлік дискілерге жазылған. Берік Жүсіпов 70-ге тарта ғылыми-көпшілік, танымдық мақалалардың, 20-ға тарта күйші-сазгерлердің шығармаларына арналған «Жиделі-Байсын күйлері» атты еңбектің (2000 ж.) авторы. Республикалық «Жігер» фестивалінің (1987 ж.), Халықаралық «Түрксойдың», «Мұрагер» сыйлығының (1999 ж.), республикалық «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының (2000 ж.) лауреаты.
Берік Жүсіпов Сыр сүлейлері жырларын Жалағашта мектеп оқушысы болып жүргенде бастаған. Міне, сонан бері өнер додасына түсіп, саңлақ жырау, әнші, ғалым атанды. Оның жыр қорында Нұртуған, Жаңаберген, Балқы Базар, Тұрмағамбет т.б. ақын-жыраулардың жыр-термелері бар.

ҮЗЕҢГІ
(Жыршы, ғалым Берік Жүсіповке)

Бітірдің әнге әсемдік, жырға қанат,
Күйіңді және жүрміз мыңға балап.
Танимыз Жүсіпов деп салған жерден,
Газеттен қолтаңбаңа бір қарап-ақ.
Сенім де, сөз де сенде тарланым-ау,
Қырандай көгінде еркін самға мынау.
Жайнатар жан-дүниені жырың барда,
Титімдей түспесі хақ арға қылау!
Тұтасып шықпағасын өнер-білім,
Мақам да марғау тартып, көнерді інім.
Ысынан уақыттың тазартып ап,
Жайқалтшы жырдың жаңа нелер гүлін.
Қайта ақтар қабат-қабат ғасырларды,
Қинасаң, қина соған асыл жанды!
Тарту ет, таудай үйіп ортамызға,
Аршып ап шаң-тозаңнан шашылғанды.
Айтпаймын жайдан-жайға мен білмесем,
Көңілім хош: «айтқаныңа көндім» – десең.
О бастан сөнбей жатқан жалын еді,
Жаным-ай, жарасар еді сен де үрлесең.
Серпіліп серіппедей сілте Берік,
Жөнелсін жырдың жалы күлтеленіп.
Сыймайсың Алты Әлімнің құшағына,
Етпесе өнеріңе ұлт егелік.
Дауысың тіфә-тіфә жоқ құрлықта,
Жасқанып шарпуынан оттың бұқпа.
Алтыннан Үзеңгіңді құйдым сомдап,
Тәуекел, бір-ақ қарғы докторлыққа!!!

Темірше САРЫБАЙҰЛЫ, ақын

Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған