- Жаңалықтар

Офицер жерге қаратты


Қазіргі таңда әлем назарын өзіне аударған қауіпті және өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық.
Бүгінгі күні ар-намысынан жеке басының пайдасын қымбат көріп, мемлекеттік лауазымын өз мақсатында пайдаланып мемлекеттік қызметкерлердің атына дақ түсіргендер аз емес.
Қоғамдық дертке айналған, сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жоюға бағытталған мемлекеттің маңызды бағдарламалық құжаты – 2015-2025 жылдарға қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» болды.
Аталған бағытта, ҚР Бас әскери прокуратурасымен бекітілген жоспары шеңберінде, Қызылорда гарнизонында орналасқан әскери бөлімдер мен мекемелердің әскери қызметшілеріне құқықбұзушылықтың және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді, сонымен қатар, тақырып барысында дөңгелек үстелдер мен іс-шаралар ұйымдастырылды.
Дегенмен, әскери қызметшілер қатарында заңға қайшы олқылықты әрекеттер жасап, Отан алдында қабылдаған антына селқостық танытып жатқандары да кездеседі…
Ағымдағы жылдың басында, қоғамды дүр сілкіндірген Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бұрынғы басшысы полковник «Д» қатысты оқиға болатын.
«Д» қызметін атқарып жүріп, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген лауазымды адам бола тұра, өзінің қызметтік өкілеттігіне кіретін, пара берушінің пайдасына жасаған әрекеттері үшін бірнеше рет өзі пара алып және бірнеше рет алаяқтық жолмен бөтеннің мүлкін өзінің қызмет бабын пайдаланумен ұштасқан алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы жымқырып, сыбайлас жемқорлық санатындағы ауыр қылмысты жасаған.Атап айтқанда, Қызылорда облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген жедел іздестіру шараларының барысында, заңбұзушы офицер жүйелі түрде өзінің сенімді адамдары арқылы жеке тұлғаларға әскери билет, тіркелу куәлігін беруі, әскери қызметке қабылдауы үшін және қарамағындағы қызметкерлерге әскери атақ беруі, қызметке ауыстырғаны, тәртіптік шара көрмеуі үшін заңсыз ақша алатыны, анықталған.Осы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп тексеру тіркеліп, заңмен белгіленген тәртіптерге орай жасырын тергеу әрекеттері жүргізіліп, оның шеңберінде жемқордың іс-әрекеті жедел бақылауға алынған. Бұған қоса, қылмыскер 2017 жылы Астана қаласына өзінің жеке жұмыстарымен барып келгеннен кейін, жеке бас пайдасы үшін өзінің қарамағындағы қызметкерлерінен алаяқтық жолмен ақша алуды көздеген. Ол Департамент ауласында өзінің орынбасарымен кездесіп, оған Астана қаласында болған кезде ҚР Қорғаныс Министрлігі Бас Штабының лауазымды қызметкерлері тарапынан оның жұмысына байланысты сын-ескертпелер айтылғанын, сол үшін оларды арнайы қонаққа шақырып, өзінің есебінен 300 000 теңгедей қаражат шығындағанын, соның нәтижесінде оның саласы бойынша мәселе көтерілмейтіндей болып шешілгені туралы жалған айтып сендіріп, соңғыдан кеткен шығындарының есебінен 100 000 теңге ақша беруін сұраған.Бұдан бөлек, қылмыскер алаяқтық жолмен өзінің қызмет бабын пайдаланумен ұштасқан алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы қарамағындағы қызметшіден түрлі себептермен жалпы сомасы 280 000 теңге ақшасын жымқырып, жеке өзінің бас пайдасына жаратқан.Бұдан кейін, «Д» өзінің қылмыстық әрекеттерін жалғастырып, қарамағандағы аудандардың қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшыларын жинап, жүйелі түрде, әр-түрлі жалған себептерді айтып, жалпы сомасы 555 000 теңге көлемінде ақша алған.Осымен қылмыстық әрекеттерін тоқтатпай, «Д» өзінің қарамағындағы қызметкерлерден оларға кезекті әскери атағын алып беруге қолдау көрсетуге баянат жазғаны және қызметте оларға жалпы қамқоршылық жасағаны үшін ақша түрінде бірнеше рет пара алу қылмысын жасаған.Нәтижесінде, жеті ай мерзімде жүргізілген тергеу амал қортындысы сарапталып, Шымкент гарнизонының әскери сотында үкім шығарылды. Онда қылмыскерге қатысты, бірнеше рет пара алғаны үшін және алаяқтық жолмен қарамағандағылардан ақша жымқырғаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, пара беруші әскери қызметшілерге қылмыстық айыппұл салынды.Елбасы – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Иығына погон таққан адамдар мінсіз жүріс тұрыспен ерекшеленуі тиіс, ал олардың қатарында сыбайлас жемқорлықтың етек жаюы ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіреді» – деген болатын. Мемлекет тарапы әскери қызметшілерге әлеуметтік көмекті де, қолдауды да көрсетуде. Сондықтан әрбір әскери қызметшінің міндеті ел алдында ар-намысына дақ түсірмеу.Елбасы алға қойып отырған осынау асқаралы міндеттерді жүзеге асыруға, халық арасында қатерлі дертке жол бермеуге аса назар аударылып отыр. Сондықтан да, құлқынның қамын ойлаған кейбіреулердің теріс әрекеті бүкіл ұжымға кері әсерін тигізбеуі үшін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесіп ымырасыз күрескеніміз дұрыс.
Құқықбұзушылық немесе заңға қайшы келетін іс-әрекеттер туындаған жағдайда, Қызылорда қаласы әскери прокуратурасына хабарласуға болады.
Біздің мекен-жайымыз Қызылорда қаласы Нұрмақов №2 А, сенім телефондары 8-7242-27-77-37, 8-705-433-94-99 шұғыл кезекші тәулік бойы байланыста.

М.Қуанбайұлы Қызылорда гарнизоны
әскери прокуратурасының
прокуроры

Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған