- Бай ауыл

Министр мен төраға Қызылорда жейдесін сатып алды


Астанада «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы өтті.Биылғы көрмеге 153 қазақстандық өндіруші өз тауарын алып келді. Олардың барлығы өңірлік байқаулардың жеңімпаздары. Көрме-байқаудың салтанатты ашылуына ҚР Инвестициялар және Даму министрі Жеңіс Қасымбек қатысты. Ол «Қазақстанның үздік тауары» байқауы өзектілігін жоймайтынын, бәсекелестікті арттыратын алаң болып қалатынына тоқталды.
«Жыл сайын осы көрмеге келген компаниялар өздерінің бәсекелестерінің жұмыс барысымен танысып, қандай жаңа тауарлар алып келгенін көреді. Жылдан жылға қатысушылардың саны артқаны, биыл 80 пайызға жуық жаңа компания отандық тауарөндірушілер қатарына қосылғаны қуанарлық», – деді ҚР Инвестициялар және Даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Көрмеде «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов пен Жеңіс Қасымбек қатысушылардың тауарларымен таныса жүріп, қызылордалық «Dalatex» фирмасының жейдесін сатып алды. Компания 2016 жылдан бері отандық нарықта. Қазақстанның әр өңірінде өкілдіктері бар, сонымен қоса өнімдерін Ресейге экспорттайды.
«Біз осындай ауқымды көрмеге қатысқанымызға қуаныштымыз. Жейделеріміз шетелдік өнімдерден кем емес, керісінше бағасы қолжетімді. Биылғы көрме жеңімпазы атанамыз деп ойлаймыз», – деді «Dalatex» ЖШС директоры Дінмұхамед Абызов.
Биылғы конкурс үш номинация бойынша өтуде: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»; «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары».

Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған